Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
11
USD
429
+2.03
EUR
500
+3.00
RUB
5.44
-0.06

Алқаш «күйеулер» әлі де азаймапты. Өмірден алынған оқиға

Енді күйеуі бар деген дәрежем болады, арқа сүйер тірегім болады“, – деп ойлады Маржан.

Осылайша оқу жылы басталғанда екі жалғыз бір бүтін болып, олар Маржан жалдаған пәтерде тұра бастады. Балалары да Аликке бауыр басып кетті. Ол да қолы бос уақытта балаларды мектепке тасып жүрді. Бұған қарап Маржан қатты қуанды, бақыт деген осы шығар деген еді.

Бірақ бәленің бәрі алда екен

Маржан жұмыстан сәл кешіксе, Алик ұрыс шығарып, себепсіз қызғанатынды шығарды, бір аптадан соң Алик отбасымды өзім бағамын деп, Маржанды жұмыстан мүлдем шығарып алды. Маржанның телефонындағы хабарламалар, қоңыраулар, “вацабын” күнде тексереді. Басында бұл Маржанға ұнайтын, қызғанса, мені қатты сүйеді деген.

Алик ақшаны аз табатын. Наубайханадан нан-тоқашты тегін әкеледі, күнделікті табысы 1000-2000 теңге ғана. Маржан оны тамаққа әрең жеткізіп жүрді, бірақ соған да шүкір етті. Алик “Германияда тұратын апайым қарызымды жібереді жақында, қала шетінен жер алып, үй саламыз”, деп сендірді. Ал мектепке қажетті балаларының шығындарын жаны ашыған анасы төлеп кететін. Бұл Аликпен бірге тұрғалы анасы пәтер ақысын төлеуден бас тартқан еді: “енді тірегің бар, ер-азамат қой, өзі төлесін”, деген. Сонымен пәтер ақысын төлейтін уақыт та жетті. Аликтің күнделікті алған ұсақ-түйек ақшасын айлығынан ұстап қалыпты. Сөйтіп, пәтерақыны төлей алмаған олар заттарымен далада қалды. Екі баласына жаны ашыған Маржан арзан пәтер іздей бастады. Алик “апайым ақша жіберіп қалуы керек” деген соң, барып өзі шағын несие алды. 45 мыңға мектептен шалғайдағы біреудің времянкасын жалға алды. Және бір ай тура өткен айдай өтті, күнделікті 2000 теңге, ай соңында еңбекақы жоқ. Алик күнделікті ішіп келетінді шығарды. Екі-үш күн ішпей жүреді де, одан соң бірнеше күн аузы құрғамайды.

Кейінгі үш аптада бұлар үш пәтер ауыстырды. Міне, Маржан тағы ғаламторды ақтарып, бір ұйғырдың времянкасын тапты. Үй иесі Маржанның балаларын аяп, пәтерақысын бір аптадан соң береміз дегенге илігіп, оларды кіргізді. Алик пәтерақыны тауып беремін деп сендірді. Бірақ, ішкенін қоймады, қайта салына түсті. Бір күні келіп, әйелінен ажырасқан пәтер иесінен Маржанды қызғанып, айқай шығарды. Маржан мен ондайға бармаймын деген сайын Аликтің көзіне қан толып, шапалақпен Маржанды көзі тұсынан бар пәрменімен салып қалды. Есі шығып, басы айналып жерге сұлады. Оның құлағанын көрген Алик одан сайын ашуға мініп, “өтірік істеме, түрегел”, – деп оны біраз жер сүйрелеп, тұрғызып алды да, сол бүйрек тұсынан жұдырығымен тағы екі соққы жіберді. Маржанның телефонын тартып алып, “еркектер звондайтын болса, өлтіремін”, – деп үйден шығып кетті. Содан екі күн өткесін бірақ келді. Тағы мас.

– Кешір жаным, сұлуым. Қоямын арақты. Енді ешқашан ішпеймін, анамның аруағымен ант етемін, – деп тізерлей аяғына жығылды.

Маржан кешірді, сенді, қимады. Ішіп жүрген соң оны наубайханадағы жұмысынан шығарып тастапты. Бір апта Алик құрылыстан жұмыс іздеген болды. Бірақ уәдесінде тұрмады, бір күні жұмыс іздеуге кеткен ол тағы мас болып келді. Маржан оны көшеден ішкілікке салынған, қаңғыбастармен отырған жерінен тауып алды.

– Алик, пәтерақы төлеу керек, ұят болды мына кісіден. Әр жерде мені ұятқа қалдырасың. Маған жұмыс істей беру керек еді ғой. Мұнда келгенімізге бір апта болды, сұрап жатыр үй иесі сені. Не істейміз?

Табамын ақша дедім ғой саған, ант етемін, уәде беремін, шын сөзім. Уақытша қиындықтар ғой бұл. Әй, шығарса, шығара берсін. Көреміз, ол сені үндемей жіберсе, значит сен онымен төсектес болғансың.

Сұмдық-ай, аузы-мұрны араққа бөккен Аликтің мына сөздеріне Маржанның жыны келді. Бірақ, қарсы ештеңе демеді. Себебі, арақ ішсе қотиынданып кететін оның мінезін біліп алған Маржан таяқ жеп қалармын деп қорықты. Ол Маржанмен бірге үйге келді. Бірнеше күн қатарынан ішкен арақтан Аликтің ағзасы уланған екен, дәрігер шақыртып, дәрумендер тамыздырды. Дірілдеп-қалшылдағаны басылып, үш күнде тәуір болды.

Ұлы мектепте, Алик үйде болған. Өзі қызын алып қала сыртындағы ата-анасына пәтерге ақша сұрауға барып, қайтып келе жатқан. Алик баланы сабақтан алып келдім деп хабарласты. Арада жарты сағат өткесін үй иесі хабарласып,”балаңды алып кетемін, қаланың сыртына апарып тастаймын. Аликке айт, тапсын пәтерақыны”. Ашулы пәтер иесінің дауысы тым қатты шықты.

– Әзиз, тұра тұрыңызшы. Мен келейін, баланы жайына қалдырыңыз. Мен жолда келе жатырмын. Ол Аликтің баласы емес қой, деп жанұшырды Маржан.

Какая разница, күйеуің ғой. Маған Аликті тап. Әйтпесе балаңды апарып тастаймын.

Тұтқаны қоя салды. Маржанның жүйкесі сыр беріп, есі шығып кете жаздады. Қырсық қылғанда, қаланың ана басына Алматының кешкі кептелісімен жету оңай болмады. Ұялы телефонынан полиция шақырды да, автобустан түсе сала таксиге мінді. Есіктің алдында полицияның көлігі тұр екен. Олардың айтуынша, Алик сабақтан Маржанның ұлын алып келген соң, үйге үй иесі Әзиз келіп, Аликтен пәтерақыны талап еткен. Алик, “қазір біреуден алып беремін депті. Әзиз көлігімен апарып келмекші болып, киім ауыстырып шығайын, 5 минут күте тұр“, деп времянканың қарсысындағы үлкен үйге кіріп кетеді. Киініп шықса, Алик жоқ. Үйде бала отыр, Алик тұтқаны көтермейді. Кетіп қалғанын білген Әзиздің ашуы келіп, Маржанға әлгіндей қылып хабарласқан еді. Баласына уайымдап, жаны шыққан Маржан дереу баланы ұрлады деген кінәмен Әзиздің атына арыз жазды. Ол баласын қала сыртына әкетпесе де, көлігіне отырғызып, біраз “таксовать” етіпті. Кешкісін Әзизбен сөйлескенде, ол ашуы келген соң осылай істегенін айтады. Бірақ, “ит ашуын тырнадан алыпты”, дегеннің керін келтірген үй иесінен “пәтерақыға Маржанның қатысы жоқ”, деп қолхат жаздыртып, полициядағы арызын кері қайтарып алды.

Саған орын жоқ, үйімнен де, жүрегімнен де

Сөйтіп сол күні ата-анасына хабарласып, ұйғыр жігіттің үйінен көшіп кетті. Анасы келіп, көп қабатты үйден пәтер жалдауға көмектесті. Ал Алик болса, бірнеше күннен соң хабарласып, Маржанның қайда екенін сұрады. Дауысынан тағы ішкені байқалады. “Осындамын, бірақ енді мен анаммен тұрамын. Саған орын жоқ, үйімнен де, жүрегімнен де”.

Бірнеше күннен соң таныстарынан естігені: “Алик ешқашан еш жерде бір айдан артық жұмыс істеген емес. Сен білмеп па едің, ол қаңғыбас, алқаш қой. Пәтерге сенің ата-анаң төлеп тұрған соң, әркез солай болады деп ойлады. Айтпақшы, Қаскелеңде тұратын өз баласының сенсорлық телефонын қолды қылыпты, өзімен бірге жүретін достарынан да бірталай нәрсе ұрлапты”. Маржан дереу үйіндегі дөңгелек қалбырға тап берді. Анасы 30 жасына сыйлаған алтын алқасы мен сырғасы жоқ.

Аликтің соңғы айдағы уақытша қиындықтары” қалыпты жағдайға айналған. Жаңа жұмыс іздеуге құлқыны да болмапты. Басындағы сәтсіздіктерін ішімдікпен батырғысы келді. Көбіне үйде жүріп ғаламат жоспарлар құрғанымен, ол сөз жүзінде ғана қалатын. Маржан оның жанында жүргенде өзінің күш-жігерін, қуатын сарқып жатқандай сезінетін. Өзінің себепсіз қызғанышымен, болымсыз болжамдарымен Маржанның бір сөзін іске асырмай, мысын басып тастайтын. Оның сужүрек, өтірікші, уәдесінде тұрмайтын адам екенін бұған дейін қалай байқамаған?

Аликпен бірге тұрған 4 айдың ішінде тамақты тойып жемей, балаларына қажетті заттарын әпере алмай, пәтерден пәтерге көшіп, уайымнан, оның ішкенінен, балағатынан, себепсіз айыптауларынан, қызғанышынан Маржанның жүйкесі сыр беріп, қолдары дірілдеп, көзі тартып, маңдай тұсы жыбырлап кететін. Айналдырған төрт айдың ішінде өмірді сүйетін, ақ-жарқын келіншек әбден шаршаған, қажыған, жүйкесі әлсіреген әйелге айналған еді.

Бұл оқиғадан кейін екі ай өтті. Маржан бүгінде өзіне ұнайтын жұмысына орналасып, бала-шағасын асырап, біреуден артық, біреуден кем өмірін сүруде. Бет-әлпетіне қан жүгіріп, бал-бұл жанған, ашық-жарқын. Жалғызбасты келіншек балалары үшін алға қойған мақсатына жетуге ұмтылуда.

Себебі, оның жанында бүгінде сүреңсіз, мақсатсыз, белгісіз өмірдің тұңғиығына батырып жатқан адам жоқ.

Аяжан Төрехан

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз