Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Алаңдамаңыз, Айгүл ханым. Академиктерді арандатып отырған кім?

Ақиқаты қайсысы, өтірігі қайсысы екенін ажырата алмай қалған жұртшылықтың Білім және Ғылым министрлігінің желіде таратқан ресми ақпаратынан, бейне жолдауынан кейін ғана біршама көздері ашылғандай болды. Алайда, әзірге ведомствоға әлдекімдердің тарапынан тас ату жиілемесе, азаяр емес

Айгүл Ісмақова

Мәселен, бүгін республикалық «Қазақ үні» порталында филология ғылымының докторы Айгүл Ісмақованың мамандықтар классификаторына қатысты мақаласы жарияланды.

Министрдің кеше жолдаған бейне үндеуіне жауап ретінде ғалым былай депті:

«Уважаемый министр! Прежде чем распространить классификатор специальностей он наверняка был утвержден Вами и, по закону, МинЮстом РК. По достоверным источникам, он издан книжкой и имеется у руководителей Вузов. У нас имеется вариант, который обычно посылается для завкафедр для исполнения. Это не фейк, как вы xотите это выставить сейчас!

За этим документом стоят реальные люди, обеспокоенные такими изменениями».

Сондай-ақ Айгүл Ісмақова бұған дейін де «Қазақ үні» порталында және бірнеше БАҚ-та осы мәселеге қатысты мақалалар жариялаған еді.

Мәселен, «Қазақ тілі мен әдебиетінің жазығы не?» атты мақаласында:

«Еліміздің Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республика-сындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандық-тарының классификаторы» деп аталатын білім құжатының жаңа нұсқасын 1-ші ақпан күні (2017 ж.) қолданысқа енгізді. Байқап қарасаңыз, аталған құжаттың «Бакалавриат мамандықтары» деген 7.1. бөлімінің «Даярлау бағытында» бұрын болып келген қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығы атымен жоқ. Оның орнына «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау» (Подготовка учителей по языкам и литературе 6В011500) деп қана жазылған.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің небір майталмандарын, білікті ғалымдарды, ұлағатты ұстаздарды, қала берді ұлт әдебиетінің көрнекті өкілдерін даярлап шығарған мамандықты құрдымға жібергеніміз қалай?

 «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» мамандарын дайындаудан осылай бас тартқан Білім және ғылым министрлігінің бұл шешімін қалай түсінуге болады?

Қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасында ұлтымыздың әдебиетін, ана тілімізді ардақтап, әдеби жауһарларымыз бен рухани мұраларымызды түгендеп жатқан тұста, мұндай мамандықтардың атауын түбегейлі өзгертіп жіберу кімге керек болды?» деп ашынған болатын.

Бұл аз болғандай, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері – Ә. Хайдар, Р. Сыздықова, С. Қирабаев, Ө. Айтбаев, Ш. Сарыбаев және М. Қойгелді бастаған ғалымдар да осы мәселеге қатысты Үкімет басшысы Б .Ә. Сағынтаевқа, Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіхалықоваға, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М. Тәжинге хат жазып, ол баспасөздерде жарияланған еді.

Алайда, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновтың айтуынша, «Қазақ үні» порталының президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса және Әлия есімді келіншек С. Қирабаев, Ө. Айтбаев және т.б. ғалымдарға өздері дайындап жатқан хаттың мазмұнын басқаша түсіндіріп, жалған тізім көрсетіп, әдейі ұйымдастырған көрінеді.

Осыған орай,

Академия президенті есімдері аталған академиктер үшін келеңсіз, тіпті, заң бұзушылық әрекет болды деп есептейді.

Мұрат Жұрынов барлық уақытта еліміздің зиялы қауымының алдыңғы шебінде жүретін ҰҒА жақын арада министрліктің (БҒМ) жалпы білім беру мен ғылымды дамыту туралы стратегиялық бағытын, бір орында тұрып қалмай, халықаралық (еуропалық) нормаларға сәйкес етіп, жаңа бағдарламалар құру жөніндегі бағытын қолдағанын айтады. Бұл істі саясатқа айналдырып, пайдасыз уақыт жоғалту дұрыс емес деп есептейді. Сол себепті де ҰҒА Төралқасының 6-наурыз күні болатын мәжілісінде бұл мәселе түбегейлі талқыланып, келісілген ортақ шешім шығаралатынын жеткізді.

Әйтпесе, жұртшылық шулағандай, «Қазақстан Республикасындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторы» деп аталатын білім құжатының жаңа нұсқасы бекітілген жоқ, яғни, қолданысқа енгізілмейді!

Яғни, «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика»,  «Әдебиет тану», «Түркология», «Шығыстану» пәндері классификатордан алынып тасталған жоқ.

Айтпақшы, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар бұл құжатты БҒМ емес, Инвестиция және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті енгізіп, Әділет министрлігі бекітетінін білсе керек. Естуімізше, Әділет министрлігі тарапынан бұл құжаттың жаңартылмағаны, яғни, бекітілмегені туралы ресми мәлімдеме дайындалып жатыр.

Ендеше, Айгүл Ісмақова ханым мен басқа да тіл жанашырларына алаңдайтын еш негіз жоқ.

P.S. Атақтарынан ат үркетін әйгілі академиктерді әдейі арандатқандағы Қазыбек Исаның көздеген мақсаты не?! Елді шатастырып, Білім және ғылым министрлігіне жала жауып, күйе жағу арқылы өздерінің жымысқы ойларын жүзеге асыру ма?! Әлде «Көрмес – түйені де көрместің» кебін киіп, ведомство тарапынан атқарылып жатқан оң нәтижелерге көз жұма қарап, тек аяқтан шалуды ғана ойлай ма?!

Қалай дегенде де елдің сөзін сөйлейтін ақын деген аты бар Қазыбек Иса халықты әрі-сәрі күйге түсіріп қойғаны өз алдына, аты дардай академик ақсақалдардан хаттың түпкі мазмұнын жасырып, жалған тізім көрсетіп, пайдаланғаны ұят болды (айта кетейік, бұған дейін де БҒМ тарапына жазылған бірнеше ғалымның қолы қойылған хаттың да жалған болып шыққаны анықталған еді)!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бұл араңдатулардың артында белгілі бір топтың жеке мүддесі тұр ма дерсің…”

Әділет ЕЛЕУСІЗҰЛЫ

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз