Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Ақпараттық жұмыстың арқасында жат ағымдағы 802 адам дәстүрлі исламға бет бұрды

Еліміздің барлық өңірлерінде дәріс өткізіп, халықтың діни сауаттылығын арттыру жолында қызмет еткен білікті мамандардың жиынына Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ аппарат жетекшісі Ғылымбек Жәдігерұлы қатысып, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелерінің жұмысына өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.

– Қай уақытта болмасын діннің асыл құндылықтарын халыққа жеткізіп отырған аузы дуалы абыздар мен дін қайраткерлері болған. Дәстүрлі исламды уағыздаған кешегі Марал Ишан, Науан Хазрет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлер әлі күнге ел есінде. Бұл үрдістің сабақтастығын үзбей жүрген қазіргі қоғамда имамдар мен ғалымдарымыз бар.

Білікті мамандардан Республикалық ақпараттық-насихат тобы құрылып, қоғамға дініміз Исламның құндылықтарын жеткізіп келеді. Бүгінде республикалық, сол секілді жергілікті ақпараттық-насихат тобы дін істері комитеті, облыс әкімдіктері, дін істері басқармалары, мемлекеттік емес ұйымдармен байланыса отырып жемісті жұмысын жүргізіп келеді. Осы бағыттағы түсіндірме жұмыстарын әлі де жандандыра беруіміз қажет, – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Айта кетсек, ақпараттық топ мүшелері 2013 жылы 299 500 адамды қамтыса, 2014 жылы оның саны 1 068 005 адамға жетті. Былтыр республикалық, сол секілді жергілікті ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің қатысуымен 41 517 кездесу өткізіліп, 1 648 163 азамат қамтылды.

Ақпараттық жұмыстың тағы бір нәтижелі көрсеткіші – 802 адамның жат ағымдардың жетегінен дәстүрлі жолға қайтуы. Сонымен қатар, топ мүшелерінің қолдануына арналған «Дін – насихат» әдістемелік құралы жарық көрді.

Жиналыс барысында өңірлердегі діни ахуалды көзімен көріп қайтқан республикалық ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің түрлі ұсыныстары талқыланып, алдағы уақытқа нақты жоспарлар бекітілді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз