Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қазақстандық жастар әзірлеген «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасының жұмысымен танысып, жобаны дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесуде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру және отандық цифрлық кітап қорын кеңейту мәселелері талқыланды.
«PARAQTA» онлайн кітапхана платформасының авторлары Керім Аянқызы мен інісі Ердәулет Құрал министр Арман Қырықбаевпен кездесті. Министр олардың жоба туралы әлеуметтік желідегі жазбаларымен танысып, бастаманың жұмыс барысын білуге шақырған.
Кездесу барысында министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Әсіресе министрліктің үйлестіруімен ұйымдастырылған «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері таныстырылды. Бүгінде платформаға 1,4 миллионнан астам адам тіркеліп, қатысушылар 842 мыңнан астам кітап оқыған. Сонымен қатар оқырмандар кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, өзгелерді кітап оқуға ынталандыратын 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.
Кездесу кезінде Арман Қырықбаев «PARAQTA» қосымшасының мүмкіндіктерімен танысып, оқырмандардың белсенділігіне назар аударды. Сондай-ақ жастарды кітап оқуға көбірек тарту үшін қандай қолдау қажет екенін сұрады.
«PARAQTA» – оқырманға кітап оқуды әдетке айналдырып, бастаған шығармасын соңына дейін жеткізуге көмектесетін қазақстандық цифрлық платформа. Оның ерекшелігі – электронды кітаптармен қатар, қағаз кітаптарды оқу барысын да тіркеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде платформаға 15 186 оқырман тіркелген. Олар жалпы 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты соңына дейін аяқтаған. Сонымен қатар жоба аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.
Жоба іске қосылғанына 1 жыл 2 ай болған. Алғашқы алты айда платформаның сайты пайдалануға берілсе, жуырда, екі апта бұрын, мобильді қосымшасы App Store дүкенінде қолжетімді болды.
Қазір жобаны дамытудың негізгі бағыттарының бірі – кітап қорын толықтыру. Платформада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін оқуға ұсынылған. Дегенмен оқырмандар қосымша арқылы тікелей оқуға болатын шығармалар санын көбейтуді сұрап келеді.
Осыған байланысты министрлік өкілдері кітап қорын заң талаптарына сәйкес толықтыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге мүмкіндік беретін арнайы алаң қарастыру мәселесі талқыланды.
Жоба авторлары министр Арман Қырықбаевқа және Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрмановаға жылы қабылдауы, бастамаға қызығушылық танытып, қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.
«PARAQTA» командасының басты мақсаты – жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, оқырман мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу. Жоба авторларының пікірінше, Мемлекет басшысының бастамалары, мемлекеттік қолдау және оқырмандардың белсенділігі елімізде кітап оқу мәдениетінің дамуына тың серпін беріп отыр.