Астана соты сапар аяқталғаннан кейін таксиден шығудан бас тартып, жүргізушіні балағаттап, оған қоқан-лоқы көрсеткен ер адамға қатысты істі қарады. Аталған фактіге қатысты Instagram әлеуметтік желісінде болған оқиғаның видеосы тарағаннан кейін полиция басқармасында тіркеу жүргізілген.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, ер адам өз әрекетімен «айналасындағы адамдарға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған». Сот отырысында ер адам кінәсін мойындаған.
Сот ер адамды әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен азаматқа 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», – деп нақтылады сот.