Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысында аграрлық секторда су тұтынуды азайту мәселесіне айрықша мән беріліп отыр. Мемлекеттік органдар мен өңірлер бірлесіп жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар өндіріс көлемі мен өнімділікке нұқсан келтірмей, су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған.
Былтыр желтоқсан айында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының шаруаларымен арнайы жиын өткізіліп, су көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақта егістіктерін қысқарту мәселесі қаралған болатын. Бұл жұмыс биылғы жылдың қаңтар айында Алматы және Жетісу облыстарында жалғасты. Нәтижесінде фермерлерге болжамды су қорларын ескере отырып белгіленген су пайдалану шектері жеткізілді.
Сонымен қатар су пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Мақта алқабының жалпы көлемі 162,4 мың гектар деңгейінде сақталғанымен, суару тәсілдері едәуір өзгерді. Тамшылатып суару алаңы 29,8 мың гектарға ұлғайып, 79,8 мың гектарға жетті. Ал дәстүрлі суару әдістері 12 мың гектарға қысқарып, 82,6 мың гектарды құрады. Бұл өз кезегінде су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Вегетациялық кезеңнің өту барысы Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, сондай-ақ өңірлік әкімдіктердің тұрақты бақылауында. Су жеткіліктілігі мен егіс жағдайына жедел мониторинг жүргізілуде.