Атырауда 39 жастағы әйел төбетті байлап қойып, күрекпен тоқтаусыз ұрған. Видео желіде тарап, бұл көрініс көпшіліктің ашуын туғызды. Содан кейін келіншек бірден тергеуге алынды. Атыраулық тұрғын мысығын талап тастаған итті осылай жазалаған екен. Мұндай ауыр соққыдан иттің тұмсығы қан-жоса болған.
Сондай-ақ әйел оқиға орнына жеткен полицияның заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсеткен. Бұл әрекеті үшін де ол айыппұл арқалады. Ал итті қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жарақат алған үй жануарына қажетті ветеринариялық көмек көрсетілді.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жануарларға қатыгездікпен қарау – тұрмыстық «жанжал» емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын құқықбұзушылық. Мұндай барлық фактіге құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.