Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, Қазақстан Президенті міндетіне кірісті.
“Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Конституция мен Қазақстан Республикасының заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқығы мен бостандығына кепіл беруге, Қазақстан Республикасының Президенті ретінде жүктелген міндеттерді адал атқаруға салтанатты түрде ант беремін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президентінің куәлігін табыстады.
Бұл іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, үкімет мүшелер, шетелдік елшілер, сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қатысып жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды басқаруды сеніп тапсыра алатын адам Тоқаев екенін айтып өтті.
” Қасым-Жомарт Тоқаев – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ағылшын, қытай және француз тілдерін меңгерген. Еліміздің басқарушы лауазымындарында үлкен еңбек өтілі бар, еліміздің сыртқы саясаты қалыптасу кезінде сыртқы істер министрі болды. Вице-премьер, министр және премьер-министр, Сенат төрағасы қызметтерін атқарды. Елімізді біледі, оның экономикасын, саясатын біледі, БҰҰ бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді”, – деген еді Назарбаев 19 наурызда телеарналар арқылы айтқан мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, Назарбаев Тоқаевтың адал және жауапкершілігі бар адам екенін айтты.