Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында, Ұлттық ұланның 5518 бөлімінде, Күршім шекара отрядында, шекара заставасында болды.
Сондай-ақ, бұл делегация «Майқапшағай» өткізу бекетінің жұмысымен танысты.
Кездесу барысында сенаторларға шекара күзетіндегі техникалық құралдар көрсетіліп, паспортқа бақылау жүргізу жұмысының барысы таныстырылды. Сол күні 2535 әскери бөлімінің Күршім шекара отрядында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, сонымен қатар еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның басшылығы, шекаралық аудандар әкімдері қатысқан Сенат комитетінің отырысы болды.
Отырыста мемлекеттік шекараны күзету мәселелері талқыланды. Атап айтқанда,
мемлекеттік шекараның шығыс шебіндегі қазіргі жағдай, әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсарту туралы айтылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары–Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов сенаторларға қаржыландырудағы жетіспеушіліктер туралы айтты.
Бұл қаржы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараның Шығыс Қазақстан облысы аумағынан өтетін бөлігінің бойында орналасқан бөлімшелердің инфрақұрылымдарын дамыту үшін қажет етіледі.
Сонымен бірге сенаторлар Т.Мұқашев, С.Жақсыбеков, М.Құл-Мұхаммед, Т.Мұсабаев, Н.Нұрсипатов шешімін табуға тиіс бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттік шекараны күзету және қорғау, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мақсаттары үшін жер телімдерін рәсімдеу, шекаралық аймақтарды дамыту және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажеттігі, сауда жөніндегі бірқатар шектеуді алып тастау және валюталық шектеуді жұмсарту қажеттігі туралы айтылды.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, Үкіметке жіберілетінін атап өтті.
«Көтерілген барлық мәселе депутаттардың бақылауында болады», деп атап өтті сенатор.
Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан бірқатар әскери бөлімдерде болған депутаттар әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігіне, азық-түлікпен қамтамасыз етілу жағдайына қанықты және әскери бөлімнің инфрақұрылымын дамыту мен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.