Бұрынғы әйелі Баян Есентаеваны сабаймын деп 9 жылға сотталған Бақытбек Есентаевты қарындасы Нағима Есентаева 50 жасқа толуымен құттықтап, өмірде жақсы жар жолықтыруды тіледі.
Ағасының 50 жасты абақтыда қарсы алатынын өңі түгілі түсінде елестете алмағанын айтқан қарындасы, оған деген өзекжарды тілектерін әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялап, ішіндегі шерін тарқатты. Әлеуметтік желідегі қауым көңілі күпті қарындасқа сабыр сақтауын сұрап, басу айтты.
“Жаным асқар таудай ағатайым, ақылшым, ақылдым, тірегім, тілекшім, жанымның жалауы, мақтанышым, кең пейлі, ақ жарқын, көпшіл, бауырмал, ең ардақты ағатайым бүгінгі 50 жасқа толған туған күнің құтты болсын!
Әрдайым әулетіміздің тірегі, қамқоршысы, берік діңгегі болдың. Талай асуларды табандылықпен асып, қиындықтарды қажырмен жеңдің! «Елу тал түс» демей ме? Ендеше алдағы өмірде де туғанға сыйлы, кейінге үлгі бола бер! Күн жағымыздан көлеңке, жел жағымызға пана болып жүре бер! Денсаулығың күйлі-қуатты, ғұмырың ұзақ болып, алдағы көрер қуаныш, бақытыңды Алла молынан берсін саған! Әлі Алла жазса көрер қуанышымыз көп, бұл тек қана саған берілген сынақ қой, сабырлықпен бұл сынақты да өтеміз әлі.
Саған тілеулес туғандарың, туыстарың, достарың, ел-жұртың, халқың бар Аллаға шүкір.
Қайтеміз, басымызға түскен соң көнеміз де жеңеміз. Кім білген, 50 жасыңды осылай қарсы алатынымызды, арманымыз мүлдем бөлек еді ғой. Кім білген осылай боларын.
Жарқырап, жайнаған, үнемі күліп тұратын жүзіңнен сенің айналдым жан ағам менің! Сені әлі талай қуанышты, бақытты күндер күтіп тұр. Азаматтық басыңды сыйлайтын, жанұялық өмірдің қадірін білетін жар жолықтырып, алдағы өміріңде ұзақ та бақытты өмір сүруіңе тілектеспін алтыным (негізі көңілім толқып, ойым жан-жақты болып, шашырап айтайын деген ойымды жинақтай алмай қалдым). Ренжімеңіздер! Жаным сол, күлімдеген түріңнен айналдым, жүзіңнен күлкі кетпесін. Жаңа жасың, жайнаған өмір сыйласын саған ағатайым!” – деп жазды Нағима Есентаева.
Бақытбектің қарындасының бұл жазбасына пікір жазғандар өте көп. Көпшілік Есентаевтың тезірек абақтыдан шығуына тілектестік білдірді.