Астанада 22-25 маусым аралығында Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы өтеді. Халықаралық жиын туралы мәлімет Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының сайтында жарияланды.
Қауымдастық президиумы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша, биылғы құрылтайда шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қаржыландыру, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанға оқуға шақыру мәселелері қаралады. “Құрылтай мақсаты – шетелдегі қазақтардың Қазақстанға көшіп келуіне жағдай жасау”, – деді Балғабаев.
1991 жылдан бері Қазақстанға 284 361 этникалық қазақ отбасы көшіп келді, бұл – шамамен бір миллион алты жүз мың адам. Оралмандардың 61 пайызы – Өзбекстаннан, 12 пайызы – Қытайдан, 12 пайызы – Моңғолиядан, жеті пайызы – Түркіменстаннан, шамамен төрт пайызы – Ресейден көшіп келді.
Оралмандардың 56 пайызы – еңбекке жарамды жастағылар, шамамен 40 пайызы – 18 жасқа дейінгі балалар.