Алматыда Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университеті маңында төрт шетелдік студент тоналды.
Бұл туралы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Университет маңында бір топ студенттен өзін полиция қзметкерімін деп таныстырған белгісіз адам құжаттарын көрсетуді талап еткен. Алайда студенттер полицейдің куәлігін көрсетуін сұраған, өйткені тәртіп сақшысымын деп таныстырған адам жәй киімде болған. Осы кезде өтірік инспектор қалтасынан пышақ алып шығып, оларды қорқытып, ақша және ұялы телефондарын талап етеді.
Оқиға күндізгі уақытта көп жүретін орында орын алған, одан “полицей” еш қысылмаған. Студенттер белгісіз ер адамға сұрағандарын беріп, бірден полицияға хабарласқан”, – деп хабарлады Алматы қалалық ІІД.
Куәгерлердің айтуынша ұры заттарды ала салысымен, жолдың арғы бетіне өтіп таксиге отырып кетеді.
“Таксистер сұралып, бір ілік табылған. Ол адамның әмиянында жолақысын төлер кезде майда ақша болмаған. Сондықтан такси дүкен маңына тоқтаған, ол ақшаны майдалатып шығады”, – деп хабарлады полицейлер.
Бейнебақылау камералары арқылы тәртіп сақшылары ұрының кім екенін анықтады. Ол бұрын да ұрлығы үшін сотталған, өткен жылдың 30-желтоқсанында ғана бостандыққа шыққан ер адам екен.
Зардап шегушілер де, куәгерлер де оны оңай таныды.