Алматы облысындағы Сарқан ауданына қарасты Еркін ауылының тұрғындары балаларының біліміне алаңдаулы. Себебі, көрші ауылға барып қатынап оқитын жоғары сынып оқушылары сабақтан жиі қалады.
Өйткені балаларды таситын жөнді көлік жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балаларымыз жиі сабақтан қалады. Білімдеріне қатты алаңдаймыз. Мектепке тасуға негізі екі көлік берді. Бірақ екеуі де ескі. Жүргенінен тұрғаны көп. Қазір бұзылып жүргізушінің ауласында тұр. Ауыл болып ақша жинап, көлік сатып алдық. Оның өзі де ескі», – дейді ауыл тұрғыны Құдайберген Жұмағалиев.
«Бәріміз жабылып қыста суықта итереміз. Іші өте суық. Және есігі дұрыс жабылмайды. Ашылып қала береді», – дейді 10-сынып оқушысы Балнұр Қасымханова.
Ал, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Марат Разбеков Еркін ауылы тұрғындарының жағдайынан хабарсыз болып шықты. Көпшіліктің өз еріктерімен көлік сатып алғандығы шенеунікті таңғалдырды. Енді әкімнің орынбасары аталған мәселенің мән-жайын анықтап, тексереміз деп отыр. Қажет болған жағдайда мәселені шешіп береміз деп уәде берді.