Кез-келген адамның бақытын іздеуі заңдылық. Шынайы махаббатын үлкен қаладан кездестіре алмағасын, көпшілігі ғаламтордың көмегіне жүгінеді. Бірақ, ғаламтордағы таныстықтың басы тәтті болғанымен, аяғының ащы болатынын ұмытпау керек.
Жасы отыздан асқан Диана да танысу сайтына тіркеліп, ғаламторда өзі үшін жаралған ерекше жанның бар екеніне шүбә келтірмеді. Бір күні электрондық жәшігіне хат келді. Әзірбайжаннан Хеял Мехтиев деген біреу Диананың суретін көріп, бірден қатты ұнатқанын айтқан. Өз суретін де жіберіпті. Сымбатты, мығым денелі жігітті көрген Диана да ойланып қалды. “Бұл менің мүмкіндігім шығар”, – деді де, оған жауап жазды. Жеке парақшасында тұрғылықты жері — Белорусия, Минск деп жазылған екен. Өзі Әзірбайжанда тұрамын деген. Сонымен қатар оның ғаламтордағы жеке парақшасында тіркелген достары кілең әйелдер екенін байқады. Соны сұрағанда Хеял Мехтиев “өздері парақшама кіріп, достық ұсынады, мен әшейін қабылдай саламын” деген. Жаңа танысының жылы-жұмсақ сөздеріне майша еріген жалғызбасты әйел мұндай ұсак-түйектерге көңіл аудармады.
Бірде ол бір айдан кейін Алматыға келіп, қалыңдығымен жақынырақ танысқысы келетінін жазды. Бакудегі кәсібі ойдағыдай, сондықтан Алматыдан да жаңа мейраханалар желісін ашқысы келетінін айтты. “Біз бірге қартайып, әлемді бірге аралаймыз“, – деді. Осылайша Алматыға келген ғашық жігіт “басқа жерден пәтер жалдағанша, жақынырақ таныс боламыз, кәсібімізді бірге жүргізейік”, – деп Дианаға пәтеріңнің бір бөлмесін жалға алайын деген ұсыныс жасады. “Көнбесең, терезеңнің түбінде қонатын боламын”, – деп ойын-шыны аралас “бопсалады”. Ұзын бойлы, келісті, нар тұлғалы, қымбат киінген кәсіпкер жігітті ұнатып үлгерген Диана ақыры Хеялды пәтеріне кіргізді. Осылайша Әзірбайжаннан келген қонақ Алматыдан мейрамхана ашу ісіне кірісіп те кетті. Ғимаратты, кәсіпті рәсімдеуде көп жерге пара беру қажет екенін сылтауратып, әкелген қаражатының жетпей тұрғанын айтып, Дианадан ақша сұрады. Ештеңеден күмәнданбаған келіншек бөлмесінен қажетті соманы алып берді.
Бірер күннен кейін Хеял Дианаға:
– Өткенде ақша жетпей, Бакудегі қымбат көліктерімді ломбардқа өткіз деп едім досыма, міне, бүгін оны кепілден қайтарып алу қажет. Не істейтінімді білмей тұрмын…
Қайта-қайта жүректің дәрісін ішіп, жүрек тұсын уқалап, қатты уайымдады. Жаны ашыған Диананың көмектескісі келді. Енді бұл өзінің туристік бизнесін кепілге қойып, қомақты көлемде несие алып берді.
“Үйіңді сатайық, Бакуде бизнесіміз бар, сонда барып тұрамыз, немесе бір мейрамханамды сатып, қайтадан үй сатып әперем”, – деген Хеялдың ұсынысын Диананың қабыл алмағаны жөн болған екен.
Өйткені сол күннен кейін Диана Хеялды көрген емес.
Қазір өзі ғаламтордағы алаяқтардың неше-түрлі әдістері бар. Біреулер Диананы «қатырғандай» жолмен алдаса, енді біреулер межелеген келіншекті өзіне ғашық етіп, бірер күннен соң саған сыйлық салып жіберемін дейді. Жіберген сыйлығын алу үшін қомақты көлемде ақша төлеу қажет.
Айтпақшы, неке алаяқтары көбіне теңізші, ұшқыш, отставкадағы полковник, кәсіпкер тәрізді романтикалық кәсіп иелері ретінде танысады. “Аңызын” өте мұқият ойластырады.
Олардың көздегені тек пайда. Ал, төсек қатынасы — жанға жағымды қосымша “сыйлық” болып табылады.
Мұндай алаяқтың құрбандары дүние-мүлкін, қаражатын өз еркімен беретіндіктен қылмыстық жазаға тарту да оңай емес. Оның үстіне, шетелдің виртуалды алаяғын табу қиын: олар ғаламторда жалған мекен-жай жазып, өзге біреудің фотосуретін көрсетуі де мүмкін.
Ғаламтор желісіндегі алаяқтықтар ішінде неке алаяқтығы үшінші орында тұр. Олар – шебер психолог. Жалғызбасты әйелдердің махаббатқа деген мұқтаждығын, басқа да босаңдығын асқан ептілікпен, мықты іскерлікпен пайдалана біледі. Ал алаяқты дәл танудың анық әдісі жоқ. Сондықтан психолог мамандар қанша ғашық болыңыз да, ақыл-есіңізді жоғалтпаңыз деген кеңес береді. Әйтпесе, алаяқтар әмияныңыз, үйіңізден бастап жан-дүниеңізді де «босатып» кетуі ғажап емес.
Аяжан Төрехан