Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 5 млрд. теңгенің қолды болғанын жоққа шығарып отыр. Алайда сандар басқаша сайрайды.
Бұдан бұрын 365info.kz Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен “Бузгул Аурум” ЖШС-ның құнды қағаздарын сатып алғанын жазған (“Ақышев, ақшамыз қайда?”. Зейнетақы қорындағы 5 млрд. теңгені кім жымқырды?”). Бұған байланысты зейнеақы қорының сайтында ресми мәлімдеме жасалды. Сонда, қор не дейді?
«Бузгул Аурум” ЖШС-ның құнды қағаздарын зейнетақы активтері есебінен сатып алуға қатысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінде мұндай атап көрсетілген құнды қағаздардың жоқ екенін ресми хабарлайды.
Зейнетақы активтерін инвестициялау Ұлттық банк тарапынан жүргізіледі. Яғни, зейнетақы активтері есебінен инвестициялау үшін Қазақстан Үкіметі бекіткен қажетті қаржылық талаптар мен инвестициялардың шекті белгісі көрсетілген Декларацияға сай жүргізіледі. Бұған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелін сараптап барып көз жеткізуге болады. Портфель ай сайын enpf.kz сайты мен ақпарат көздерінде жарияланады”.
Ресми жауап осындай. Солай десек те, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен “Бузгул Аурум” ЖШС-ның арасында байланыс бар екенін дәлелдейтін нақты дерек бар.
Бұдан бөлек, редакцияның қолында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жағдайы соншалықты мәз емес екенін дәлелдейтін құжат тағы бар.
365info.kz редакциясыҰлттық банк пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ресми сауалнама жолдады. Біз жолдаған үшбу хат қаптаған құжаттардың арасында “шаң басып” қалмауы үшін сұрақтарды сайтымызда жариялауды жөн көрдік.