Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
11
USD
426
0.00
EUR
495
0.00
RUB
5.98
0.00

“Ақышев, ақшамыз қайда?”. Зейнетақы қорындағы 5 млрд. теңгені кім жымқырды?

Бір қызығы, Ұлттық банк қаржылық нарықтың реттеушісі болса да, зейнетақы салымдарының өсуіне, көбеюіне аса құлықты емес екен. Жарайды, оны қойшы. Одан бұрын,

бұл құрылым осы қордағы қаржы қайда құйылып, қай жаққа бағытталып жатқан бақылауға құлықтылық танытпай отыр. Банк, тіпті, бұған мүдделі емес екен.

Жалпы, теңге қаншалықты тұрақсыз болса, “пенсияның” да  соншалықты қадірі кетеді. Сіз бен біздің салымдарымыз инвестиция түрінде тәуекелі аз салаларға бағытталатыны белгілі. 2016 жылдың шілде айында қорға осы инвестициялардан 117,4 млрд. табыс түскен. Бұл биылғы жылғы ең жоғары инвестициялық түсім. Бірақ, бұдан кейінгі көрсеткіш күрт төмендеп кеткен. Неге? Мәселе осында.

Қызық болғанда, жоқ, бұл дәл теңеу емес,

масқарасы сіз бен біздің “пенсиямыз” нарықтағы тәуекелі көп, пайдасынан бәлесі басым салаларға бағытталған.

Былайша айтқанда, бұлардан табыс таппайсың, керісінше, қып-қызыл шығынға батасың.

Тағы бір жайт. Жеке зейнетақы қорларының активтері асығыс-үсігіс Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берілгенде Ұлттық банкке қордың елегінен өтпей қалған, жыры көп “құнсыз” облигациялар “бұйырған” болатын. Банктің шығыны көп, әрі бақыр тиын табыс түсірмейтін облигацияларды не үшін қабылдап алғаны белгісіз. Алайда сол уақытта Ұлттық банктің орынтағында отырған Қайрат Келімбетов тергеуге жататын барлық қағаз-құжат күш құрылымдарының қолына тапсырылғанын айтқан.

Ақыры, 2014 жылдың қыркүйегінде Ұлттық банк алады да… зейнетақы қорындағы салымшылардың шотынан 100 млрд теңгені кесіп тастайды.

Атап айтарлығы, Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан бұрын құрылған Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына иелік еткенде мұндай қаржылық қитұрқылықтарға жол бермеген еді. Ал соңғысының негізінде  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғаннан кейін, зейнетақы жинақтарын басқару міндеті жүктелген Ұлттық банк жан-жақты қаржылық еркіндікке ие болды. Себебі, банктің өзін ешкім бақыламайтын. “Өзі би, өзі қожа” болатын.

Оның үстіне, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын Ұлттық банктің шекпенінен шыққан, қаржылық бақылау қызметінде жұмыс істеген маман басқарып отыр…

Зейнетақы қорындағы ақша қолды болыпты 

“Өзім би, өзім қожа”. Жоғарыда банкті қадағалайтын, оған „әй дейтін әже, қой дейтін қожа„ ретіндегі органның болмағанын айттық. Ал банктің өзі зейнетақы салымдарының қайда бағытталып жатқанын бақыламаған. Сіз бен біздің “пенсиямыз” ілгеріде айтқан “құнсыз” облигациялар кейпінде қайдағы біреулердің қалтасында кеткен. «365info.kz»-тің қолында бар дерекке сәйкес,

құзырлы органдар зейнетақы қорындағы 5 млрд.  теңгенің  “Бузгул Аурум” ЖШС-ның облигацияларына инвестициялау арқылы жымқырылғанын анықтады.

Ақша еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірінің шотына түседі. Өз кезегінде, әлгі ЖШС-ның басшысы бұл ақшамен осы банктен алынып, көп уақыттан бері өтелмеген несиесін жауып тастаған. Демек, сіз бен біздің „пенсиямыз” қайдағы біреудің несиесін жабуға кеткен деген сөз!

Ал Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тәуекелді бағалау мамандары аталған ЖШС-ның құнды қағаздарын сатып алудан бас тартуды ұсынған екен. Себебі, несиесін төлемеген әрі жобаның өз-өзін ақтары белгісіз болған.

Мәселе неде?

“Бузгул Аурум” ЖШС  қордан түскен ақшаны алтын игеруге бағыттамақ болыпты. Алайда алтын шығатын жерді барламаған, ондағы алтын қорының қаншалықты екенін анықтамаған.

Тіпті, олар алтын игермек болған аумақта оның жоқ болып шығуы да әбден мүмкін болатын.

Бірақ, мамандардың пікірі ескерусіз қалған. ЖШС-ның құнды қағаздарын сатып алу туралы инвестициялық сараптаманы, қор ішіндегі басқа бір департаменттің маманы қайта әзірлеп, биылғы жылдың қыркүйек айында Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Инвестициялық комитетінің қарауына түседі. Комитет жобаны қолдайды.

Қазан айында Қазақстан қор биржасы арқылы (KASE) бақандай 5 млрд. теңгеге аталған ЖШС-ның 500 мың құнды қағазы сатылып алынған. Ал KASE сайтындағы ақпаратқа қарасақ, сауда-саттыққа жалғыз қатысушы қатысқан әрі ілгерідегі соманы тұтас қамтитын өтініш берген. Демек, таңғалатын түк жоқ, әккі жолмен ақша сауған әрекет анықталғаннан кейін

күш құрылымдары Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңселерінде тінту жүргізді деген ақпараттың пайда болуы тегін емес. 

Бір қызығы, осы дау ушыққалы бері, зейнетақы активтерін басқаратын Ұлтық банктің сайтында  осы мәселе бойынша қандай да бір ақпарат жарық көрген жоқ.

Ақышев неге үнсіз?

Біртүрлі келеңсіз жағдай орын алған: Ұлттық банк пен оның басшысы Данияр Ақышев екінші деңгейлі банктерге ауыр талап қойып, алқымнан алып жатқанда, Ұлттық банктің бақылауындағы зейнетақы қорынан сіз бен біздің “пенсиямызды” жымқырып, қымқырып жатыр.

Ол аз болса, зейнетақы салымдарының қандай жолмен қолы болып жатқаны туралы ақпарат шығып кетсе де  бас банктің басшысы жұмған аузын ашар емес.

  Ақышев мырза бұл жағдай бойынша құқық қорғау органдарына арыз жазудан бас тартыпты. Айтуынша, бұл Ұлттық банктің беделіне нұқсан келтіреді екен.

Сонда қалай? Зейнетақы қорындағы сіз бен біздің салымдарымыз, миллиардтаған қаражат әрі қарай да қайдағы біреулердің қалтасында кетпек пе? Ақышев салымшылардың жағына шығып, қордағы ақшаны үптеп жатқандарды жауапқа тартуға неге құлықсыз? Ол неге үндемейді? Түсініп болмайтын дүние…

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2021 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз