Мұнай ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 9 мүшесі екі айға қамауға алынды.
Ақтөбеде мұнай ұрлау күдігі бойынша арнайы операция барысында ұсталғандар екі айға қамауға алынды, деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеу органдары бұл тұлғаларға ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабының 4-бөлігі 1,2-тармақтары, яғни “Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу” және 262-бабының 2-бөлігі “Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу” бойынша күдік келітіріп отыр, делінген хабарламада.
Сот қаулысымен Б.К.Батыров, Н.С.Қазкенов, С.Б.Дусупов, Е.У.Еркетаев, А.А.Амитов, Ж.М.Ілиясов, А.М.Қалиев, А.Ж.Сәрсенов және Еркін Ізбасарға қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды.
Еске сала кетелік, 7-желтоқсанда Ақтөбеде өткен арнайы операция кезінде жалпы саны – 15 адам ұсталған. Арнайы қызметтің хабарламасына сәйкес, операцияны ҚР ІІМ арнайы қызмет жасағының қолдауымен ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері бірлесе отырып жүргізген.