Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
4
USD
442
-1.91
EUR
474
-2.45
RUB
4.75
-0.07

Есіл еңбек-ай. Шығыс Қазақстанда күнбағыс жиналмай, қар астында қалды

111

Майлы дақылды өсіретін өңірдегі қожалықтарға әуелде күзгі жауын кедергі келтірсе, енді қалың қар қол байлау болды деп хабарлады «Қазақстан» телеарнасы.

Еліміздегі барлық күнбағыстың тең жартысын өсіретін Алтайды соңғы 4-5 күннен бері сақылдаған сары аяз қысып тұр. Шаруалардың айтуынша, ауа температурасының күрт төмендеуіне техника шыдар емес. Ал билік өкілдері болса, бұл аяздың күнбағысқа зиянынан гөрі пайдасы көп дейді.

Мысалы, Бородулиха ауданында 5 мың гектар күнбағыс қар астында қалған. Аудан басшылығының айтуынша, қар астында қалған күнбағыс алқаптары 15-ке жуық кішігірім қожалыққа тиесілі. Олардың өзінде техника болмаған соң, жылда ірі шаруашылықтардағы комбайндардың босағанын күтеді екен. Олардың осылай тосқаны да, қалың қар мен қатты аяз да қалыпты жағдай көрінеді. Ал қатты аяздың, керісінше күнбағыс үшін пайдасы көп екенін айтты. Аяз күнбағыстағы ылғалдылықты сорып тастайды.

Дегенмен, нағыз диқандар мұндай ұстанымнан аулақ. Бесқарағай ауданында тұратын Олжас Қайроллаев биыл 600 гектарға күнбағыс егіп, біраз бөлігін әлі күнге дейін жинап үлгермепті. Қар астында қалған алқапта ору жұмыстарын жүргізу оңай емес екенін жасырмайды. Оның айтуынша, суықтан қар қатып қалған. Енді комбайнмен шапқанда, техниканың жүрісіне кедергі көп және де жанармай қатады.

Елімізде күнбағыстың 47 пайызы Шығыс Қазақстанда өседі. Биыл облыста шаруашылықтар жақсы өнім алғанымен, аймақта барлығы 30 мың гектар күнбағыс әлі күнге дейін жиналмай, қар астында тұр.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, облыстағы техниканың 40 пайызы жоғарғы технологиялы. Сондықтан,аймақтағы дикандар күнбағысты жақын арада толық жинап бітеді деп сендіруде. Бірақ тағы қалың қар түссе, бұл алқаптарға техника мүлде жақындай алмай қалуы ғажап емес.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз