Қазақстанда 15 қарашадан бастап табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында «Көміртектік ізіңді біл» мобильдік қосымшасы іске қосылады.
Бұл туралы ҚР Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.
«Қазақстанда бұл бағытта БҰҰДБ қолдауымен көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылуда, қазір «Төменгі көміртектік дамудың тұрақты қалалары» ірі жобасы жүзеге асырылуда. Бұл қала экономикасының, әлеуметтік саланың дамуы мен қоршаған орта қорғаудың оңтайлы үйлесімі болып табылады. Егер біздің қалалар тұрақты дамымайтын болса, онда біз халық үшін қажетті пайданы таба алмаймыз. Бұл сапалы көлік, сапалы баспана, сапалы қызмет», – деді энергия тиімділігі бойынша БҰҰДБ, ҚР Үкіметі мен МЭҚ жобаларының менеджері Александр Белый «ТКШ-ЭКСПО-2016» халықаралық форумын өткізу аясында.
«Кез келген адам климатқа әсер етеді, көлікпен жүреміз, электр энергиясын, жылу энергиясын қолданамыз, тауарлар сатып аламыз – осының барлығы СО2 қалдығын шығару арқылы жаһандық климатқа әсер етеді. Осы әсердің мөлшерін монитордан есептеуге болады, бұл бағдарлама 15 қарашадан бастап Google Play және App Store-да қолжетімді болады, яғни кез келген адам бағдарламаны жүктеп алып, өзінің көміртегі ізін есептеп, климатқа қалай әсер ететінін біле алады», – деді Александр Белый.
Маманның айтуынша, аталмыш өнім бірінші кезекте қатардағы тұтынушыға, әсіресе жастарға бағытталған.
«Жастар өздерінің негативті әсерін қалай азайтуға болатынын түсініп, энергияны аз жұмсап, суды үнемдеп, қоғамдық көлікпен жүріп, аз қоқыс тастайтын болады», – деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қосымшада ұсыныстар қарастырылған, яғни әр адам өз ізінің сертификатын принтерден шығарып алады, онда өзінің көміртегі ізін азайтудың нақты ұсыныстары беріледі. Бұдан өзге, әзірлеушілер белсенді қолданушыларды ынталандыру үшін бонустық жүйені ойластыруда.
«Бонустық жүйенің мәні – адам қаншалықты аз көміртек ізін қалдырса, соншалықты көп бонус алады», – деді ол.
Айта кету керек, аталмыш қосымша Еуропа немесе Америкаға сай келмейтін, қалдықтардың ұлттық шамасы аясында, Қазақстан жағдайына негізделіп әзірленген.
Еске сала кетейік, Астанада «ТКШ-ЭКСПО-2016» халықаралық форумы өтіп жатыр, оған 100-ден астам отандық және шетелдік өндірушілер қатысуда.
Көрмеге ТКШ және құрылыс саласындағы жаңашылдықтар қойылған. Мұнда энергия үнемдеу, энергия тиімділігі, жылу-, газ-, және сумен қамтамасыз ету, тазарту технологиялары, жылу-, дыбыс-, гидро оқшаулау, жарық техникасы, электр жабдығы, электр техникасы, құрылыс материалдары және технологиялары, коммуналды шығындар, коммуналды техника, абаттандыру, аула алаңдары және өзге де ТКШ секторын жандандыру мен құрылыс индустриясының маңызды бағыттары қамтылған.