Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері мал ұрлығымен айналысқан 20-дан астам қылмыстық топты құрықтады.
Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биылғы жылдың 9 айы көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті қызметкерлерінің жүргізген жедел-іздестіру шарасы барысында мал ұрлығымен айналысқан 20-дан астам қылмыстық топ құрықталды. 150 мал ұрлығына қатысы бар 70-тен аса күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тартты.
„Мәселен, Түлкібас ауданында криминалды полицияның жедел уәкілдері Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында орын алған 18 мал ұрлығы жайына қатысы бар, құрамы 5 өкілден тұратын қылмыстық топты құрықтады.
Сонымен, ағымдағы жылдың тамыз айында Түлкібас ауданындағы ауылдардың бірінде күдіктілер мал иесінің жоқтығын пайдаланып, жайылымнан құны 1 миллион теңгеге жуық болатын, 37 жастағы жергілікті тұрғынға тиесілі 4 бас жылқыны қолды қылған. Ал Төлеби ауданында мал ұрлаушылар ерікті жайылымнан құны 1 миллион теңгеге жуық болатын 7 бас малды ұрлап кеткен.
Полицейлер күдіктілерден айғақты зат ретінде барлығы ұрланған 50 бас мал тәркілеген. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. ҚР ҚК 188-бабымен «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалған, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде„ делінеді баспасөз хабарламасында.
Тәртіп сақшылары Сарыағаш ауданындағы да ұрлықтың ізіне түскен. Онда 15 мал ұрлығы жайтына қатысы бар, құрамы 5 азаматтан тұратын қылмыстық топтың ісі әшкереленді. Күдіктілерден 5 бас мал тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды.
Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері мал иелеріне жайылымға кеткен малдарын бақылаусыз қалдырмауын сұрайды. Жоғалу немесе ұрлану жайты орын алғанда дер кезінде полицияға арызбен келуі немесе «102» телефонына хабарласқаны абзал екенін ескертеді.