Бүгін Алматыға оралған Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл әуежайда журналистерге берген сұхбатында өз өнеріне қатысты пікірін айтып берді.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
– Қазақстанға аман-есен келгеніме қуаныштымын. Маған қызу қолдау көрсеткені үшін Қазақ еліне шын жүректен үлкен алғысымды білдіремін! Елбасына айтар алғысым шексіз! Бізді керемет күтіп алып жатырсыздар! Біз Сіздердің қолдауларыңызды үнемі сезініп жүрдік. Рахмет! Алға, Қазақстан!, – деді ол.
– Енді, бұл Олимпиадада алтын медальға қол жеткізуді жоспарлаған едім. Алайда, жаттығу барысында аздап қателіктер кетті. Жарақат алып қалдым.
Соны емдетем деп алтын уақытымды жоғалтып алдым. Бірақ, өзім бәрібір көңілімді түсірген жоқпын.
Риода сәл қиындау болды. Бірақ, қолымнан келгенінің барлығын жасадым.
Аллаға шүкір, күміс жүлдеге қол жеткіздім. Бұған да жете алмай жатқандар бар ғой.
Сол жете алмай жатқандарға осындай медальдарға жете берулеріне тіліктеспін. Қазақ елі жасасын! Енді алдағы Токио Олимпиадасына дайындаламын, – деді Жәзира.
Естеріңізге сала кетелік, Жазира Жаппарқұл Рио Олимпиадасында 69 келігі дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жұлқа көтеруден Жазира 115 келіні көтерді, ал жұлқа көтеруде 144 келіні бағындырды. Осылайша қоссайыстың қорытындысы бойынша 259 (115+144) келіні көрсетіп, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Жазира Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының тумасы.
Айта кетелік, Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 104 спортшы 26 спорт түрінен өнер көрсетті. Қазіргі таңда қазақстандық атлеттердің қоржынында 6 спорт түрі бойынша 17 медаль бар: 3 алтын, 5 күміс және 9 күміс. Осылайша, 2016 жылдың 20 тамызындағы жағдай бойынша 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бері тәуелсіз Қазақстанда Олимпиада чемпиондарының саны – 19-ға жетті.