Нұрсұлтан Назарбаевтың түрік еліне ресми сапары аясында қос тарап арнайы келісімге қол қойды. Көрмеде ең үлкен павильондардың бірін орнататын Түркия Астанаға баламалы энергия көздерін жандандыру саласындағы соңғы жетістіктерін алып келетінін мәлімдеді.
Екі жақ түрік компанияларының ЕХРО-ға көрме серіктестері ретінде қатысу жайын талқылады деп хабарлады 24.kz.
Тарык Сөнмез, Түркияның экономика министрінің орынбасары:
– Біз бүгін ЕХРО-2017 көрмесіне қатысатынымызды ресми түрде растап, келісімге қол қойдық. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мол екенін жақсы білеміз. Халықаралық шараға қатысуымыз екі елдің іскер топтарының байланыстарын одан әрі арттыратынына сенімдіміз.
Естеріңізге сала кетейік, осы күнге дейін «Астана ЕХРО-2017» көрмесіне қатысатынын 96 ел растап, 62 мемлекет келісімге қол қойды.