Шымкентте әткеншек теуіп отырған 4 жасар бүлдіршінді ертіп әкетіп, зорламақ болды деген фактіге қатысты „Жас балаларды азғындау„ бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ресми дерекке сүйенсек, 2016 жылдың 11 шілдесі күні Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы әл-Фараби полиция бөлімшесіне 1969 жылы туылған жергілікті тұрғын Ордабасы алаңының аумағында 30-35 жас шамасындағы белгісіз ер кісі оның 2011 жылы туылған қызын қорламақ болғаны туралы арызданған.
Аталған жайт осы полиция бөлімшесінің сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы, яғни «Жас балаларды азғындау» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдында сот-медициналық сарапшының қарауы бойынша 5 жастағы бүлдіршіннен ешқандай дене жарақаттары анықталмаған болатын. Алайда, қосымша тағайындалған коллегиялық сот-медициналық сараптама қорытындысына сай, бүлдіршіннің денесінде зорлық белгілері бар сараптама қорытындысы алынды. Яғни, қыз баланы мәжбүрлеп, денесіне жарақаттар келтірген педофил, әбүйір болғанда өзінің арам ойын жүзеге асырып үлгермеген.
Қазіргі таңда күдікті Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.