Бұрын депутат болған Тәңірберген Бердоңғаров үкіметте туризм жөніндегі кеңесші болмақ. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
“Жақында туристік қауымдастықтар және туроператорлармен туризмді дамытудың мәселелерін бірнеше рет талқыладық. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерге визасыз режим енгізу, Қытай Халық Республикасы үшін ADS виза енгізу, көші-қон және шекарааралық қызметті, әуежайды жақсарту, инфрақұрылымдарды дамыту, білікті кадрлар даярлау мәселелерін қарадық.
Көп нәрсе жасалды, жасалып та жатыр. Әрине, шешімін таппаған бірқатар мәселе бар. Бірақ болашаққа үміт көп. Біз басқа бағыттардағыдай (индустриализация, геология, инвестия және т.б.) туроператорлар, сонымен қатар қызметті тұтынушылармен, әсіресе аймақтағыларымен жүйелі негізде белсенді жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
Министрлікте бұл үшін арнайы кеңес құрылды, әр бағыт бойынша танымал сарапшыларды, блогерлерді журналистерді тартып жатырмыз. Туризм мәселесі бойынша Тәңірберген Бердоңғаровты тарттық. Ол туризм жөніндегі кеңесші ретінде қоғамға, сарапшыларға және туристік салаға ерекше көңіл аударып, сол бағытта жұмыс істейді” деп жазды Исекешев.
Министрдің бұл жазбасына жауап жазған Тәңірберген Бердоңғаров үкіметтің үкілеген бұл үмітін ақтауға тырысатындығын айтып, уәде беріпті.