Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек әйелдер арасындағы бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбайды құттықтады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің қызметкері Еркебұлан Кенжеболатов Фейсбуктегі жеке парақшасында хабарлады.
„Дәстүрлі велошеруден кейін әкім әлем чемпионын кезекті жеңісімен құттықтап, оған көлік кілтін табыстады. Сонымен бірге спортшыға 1 миллион теңгенің сертификаты мен қаладағы танымал фитнес-клубтардың біріне жылдық тегін абономент берілді. Сондай-ақ Назымның жеке бапкері Жұмабек Өмірзақовқа да екі дүркін әлем чемпионын тәрбиелегені үшін 1 миллион теңге табыс етілді„ деп жазады ол.
Спортшы қызымыздың осыған дейін алған бар сыйы – велосипед екен. Оны Алматы қаласының әкімі болып тұрғанда Ахметжан Есімов тарту етіпті. Әрине, оның жанында Бауыржан Байбек жарады!
Сүйкімді спортшы қызымыз Назымға алда алар жүлдең де, сыйың да әлі көп болсын деп тілейміз!