Самарқандқа Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри ұшып барады.
Бұл туралы UzMetronom.com сайты жазды.
Сенімді дереккөздің келтірген мәліметінше, 3-қыркүйекте Қытайдағы G20 саммитіне барар жолда Ресей президенті Владимир Путин Самарқандқа соғып кетпекші. Біздің мәлімет бойынша, Үндістаннан жол тартқан АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри де орта жолдан Самарқанд қаласына ат басын тіремекші.
Еске сала кетелік, бүгін Өзбекстан үкіметі Кәрімовтің ауыр халде жатқанын хабарлаған болатын.
1-қыркүйекте «Фергана» ақпарат агенттігі Ислам Кәрімовті жерлеуге дайындалып жатқандығы туралы хабар таратқан. Басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, өзбек басшысы туған қаласы Самарқандта жерленеді-мыс. Кәрімовтің қазасы туралы жұма күні, яғни 2-қыркүйекте ресми түрде жарияланбақ. Ал жерлеу рәсімі 3-қыркүйекте өтеді.
Ислам Кәрімов екі ағасы мен анасы жерленген Самарқанд қаласындағы бейітке апарып жерленеді.