Ақтауда былтыр қазан айында 20 жастағы жүргізуші 6 жастағы Ләйләні көлікпен қағып кеткен. Бүлдіршін ауыр жарақат алса да, жүргізуші қамауға алынбаған. сүйектері сынып, бірнеше ай төсекке таңылған Ләйләнің ата-анасының тергеудің әділ жүріп жатқанына күмәні бар. Бұл туралы 365info.kz сайты 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бордюрдан сүрініп құлап кеткен. Құлап, тұрамын дегенше жаңағы машина келіп қалып соққан да шалқамнан түсіп құладым деді. Үстінен алдыңғы және артқы аяқтарымен басып кетті деді. Сол сәттен бастап қызым есін жоғалтып алған. Жүргізуші көлігіне салып, уақыт жоғалтқан ғой», – дейді анасы Тәттігүл Смағұл.
Қыздың екі сан мен алақан сүйектері, жағы мен иегі, қабырғасы сынған. Өкпесіне зақым келген. Ауыр жарақат алған Ләйлә екі ай бойы төсекке таңылып жатқан екен. Перзентінің денсаулығына алаңдаған келіншек күдіктінің бостандықта жүргеніне наразы. Тәттігүл Смағұл созбалаңға салынған тергеуге көңілім толмайды дейді.
«Баланы білмей, көрмей қалған, бала өзі көп километрге жүгіріп кеткен. Сол үшін байқамай қалған. Тежегіш басатын мүмкіндігі болған жоқ деп бізге 50-ге 50 шығара берді. Көлікті ақтап тұр да, істі жауып тастағысы келіп тұр немесе сотқа мүлдем жеткізбейін деп тұр. Осы уақытқа дейін жөнді жұмыс атқармаған. Барлық камераларды бірден қарамаған», – дейді жәбірленушінің анасы.
Үш айдан кейін ғана аяққа тұрған Ләйлә қазір мектепке бармайды. Мұғалімдері үйіне келіп, оқытады. Дәрігерлер қыз 10 жасқа толғанша мүгедектік рәсімдеуге кеңес берген дейді туыстары. Ал полиция департаменті «көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын жеткізді.
«Осы дерек бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жәбірленушінің өтініші бойынша қосымша сараптама Атырау қаласына жіберілді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
6 жасар жеткіншек аяғын толық баса алмайды, отырып-тұруы да қиын. Анасының айтуынша, оқиғадан кейін бүлдіршін қатты қорқып қалған. Қазір тіпті далаға шығуға жүрексінеді. Кішкентай Ләйләға тағы бір күрделі ота жасалу керек екен.