«Орысқұлдар» әбден басынды! Шығыста атаман Ермактың тойы дүркіреп өтті

534 просмотров

Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асса да, арамызда «орысқұлдар» — өз елімізде өзегімізден теуіп, өгей етіп, ашықтан ашық қазаққа қожа болғысы келетіндер бар. Осындай кесепатты жайт жуырда қазақтың мәдени ордасы — Шығыс өңірінде орын алды. Мұндайды бірден түбірінен кесіп, алдын алмасақ, онда ел арасына от салғандар баршаға үлгі болған қазақтың бірлігін бүлдіріп тынатын түрі бар.

Бақыт Смағұл

„Қазақ елінің шығысында казактар біздің бабаларымызды жаулаған Ермактың мерейтойын тойлап жатыр.

Крестерін тағынып, қылыштарын жалаңдатып, тайраңдаған казактар осы әрекеттерімен қазақты, қазақтың елін, оның Елбасын басынып отыр деп ойлаймын„,

— деп жазады белгілі журналист Бақыт Смағұл Facebook-тегі жеке парақшасында.

Бұл тойда казактар ұлықтаған идеологияның шашбауын көтеріп жүрген орыс поптарының жүргені де айтылады.

„Құды Ресейде жүргендей еркінсиді. Сол Ермакты қазақтың батыры Сәтбек итке талатып өлтіргенін олар біле ме екен?!

Бізге жауығып келгеннің де мерейтойын тойлауға рұқсат беру елдігімізге сына болып қағылады.

Меніңше, ел билігіндегілер казак ұйымдарының қылыш асынып, саяси оқиғаларды қоздыруына тоқтау салуы керек. Олар өздерінің хәлауләйларын айтып жүре берсін. Оған ешкім тыйым салып отырған жоқ қой. Ал, мыналары, шынымен, қазақты тағы бір мазақ ету деп білемін. Елдің бірлігіне от жағу деп түсінемін.

Казактардың арасында поптар не істеп жүр? Орыстың діндарлары да саясаттың отын көсейтін болған ба?

Егер сол орында мұсылман дінінің, не қазақ ұлтының өкілі болсыншы, осындағы орыстар да, өзіміздің құқық қорғаушылар да таяқ ала жүгірер еді„, — деп жазады ел ағасы.

Бақыт Смағұл бұл арада

қазақтың ұлттық мәселесі көтерілсе, ұлтшыл қылып, басқалар шовинистік әрекет етіп жатса, ұлтаралық достық етіп шығара қоятын, ең алдымен, елдің билігіндегілер кінәлі

деп санайды. Оның пікірінше, өзінің емес, өзге этностың бетіне қарап қалатын биліктің жалтақтығынан біздегі бірқатар айтулы даталар қажетті деңгейде тойланып, насихатталмай жатыр.

„Ал, ұлт көсемі Әлиханның биылғы 150, ұлт-азаттық көтерілісінің 100 және Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдықтары неге осылай аталып өтпейді? Мұнымен біз ел болмаймыз.

Өз ішіміздегілер осылай басынса, тарихымызға мұрнын шүйіріп қараса, басқалар не істемейді?

Ел болғымыз келсе, мына тайраңбайларға тоқтау салу керек„ — дейді журналист.

Көтерілген бұл мәселе бүкіл қазақтың өкпесімен үндес екені ақиқат. Расында, дүркіреген тойға қарап, басқасын айтпағанда, өзіңді өз елінде емес, Ресейде жүргендей сезінеді екенсіз.  Сондықтан, ең алдымен, казактарды тайраңдатып, қазақтардың намысын таптатқан шығыс өңірдің басшысы Даниал Ахметовтың осы мәселеге назар аударуын сұраймыз. Өйткені мұндай жиын-тойлар әкімдіктің рұқсатынсыз өткізілмейтіні белгілі ғой.

Одан кейін Қазақ билігіндегі идеологияға жауаптылар осы ұйымның біздің елдегі қызметінің қаншалықты заңды-заңсыздығын, тіпті, тарихи тұрғыда қаншалықты біздің жерді басып жүруге болатын-болмайтынын бір тезден өткізіп, қоғамға бір жауабын берсе дейміз. Бұл — көптің көкейін тескен мәселенің бірі екенін баса айтқан жөн.

13315540_1141709335881497_1879006685592549490_n11

Загрузка...