Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
5
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Темір Қырықбаев: « Азық-түлік қауіпсіздігі: агросектордағы кадр тапшылығы өткір мәселе»

Темір Қырықбаев жыл басында өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесулер өткізгенін айтты. Кездесулер барысында ауыл тұрғындары агросектордағы ең өзекті мәселелердің бірі ретінде кадр тапшылығын атап өткен. Әсіресе, малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном және зоотехник секілді мамандар жетіспейтіні белгілі болды.

Оның айтуынша, бұл жағдай ауылдағы тұрмыс деңгейінің төмендігімен, еңбекақының аздығымен және әлеуметтік қолдау шараларының жеткіліксіздігімен тікелей байланысты.

Мәселенің өзектілігі Жоғары аудиторлық палатаның есебінде де көрініс тапқан. Атап айтқанда, зейнетақы жарналары аударылмайтын азаматтардың саны айтарлықтай көп. Бұл еңбек заңнамасының сақталуында кемшіліктер бар екенін көрсетеді.

Депутаттың пікірінше, кадр тапшылығы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.

Бүгінде Үкімет 2028 жылға дейін Қазақстанды негізгі азық-түлік өнімдері бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуді жоспарлап отыр. Алайда Темір Қырықбаев бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен ауылдағы кадр мәселесін шешу қажет екенін атап өтті.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді:

  • ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру үшін қосымша төлемдер қарастырып, жергілікті бюджет есебінен арнайы субсидиялау бағдарламасын енгізу;
  • агросектор қызметкерлері үшін жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеу;
  • аграрлық колледждер мен жоғары оқу орындарында мақсатты гранттар санын көбейтіп, шәкіртақы көлемін арттыру.

Депутаттың айтуынша, бұл шаралар ауыл шаруашылығы саласына мамандар тартуға және оларды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға негіз болады.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз