Иран билігі достық қарым-қатынастағы бірқатар мемлекеттердің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи айтты, деп хабарлайды 365info.kz сайты РИА Новости басылымына сілтеме жасап.
Тегеранның мәліметінше, рұқсат берілген елдер қатарында Ресей, Үндістан, Ирак, Қытай және Пәкістан бар.
«Қарсыластарымызға бұғазды пайдалануға мүмкіндік берудің еш мәні жоқ», – деді министр Аббас Аракчи.
Оның айтуынша, Иран қарсылас елдердің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге тыйым салған. Бұл тізімге АҚШ пен Израиль кіреді.
«Қарсыластар бұғазды басқа елдердің көмегімен ашуға тырысқанымен, бұл әрекеттерден нәтиже шықпады. Бұғаз тек жауласып отырған мемлекеттердің кемелері үшін жабық», – деді министр.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйене отырып, Иран мақұлданған тасымалдаушылар үшін бұғаз арқылы өтуді ақылы етуі мүмкін екенін жазған еді. Сондай-ақ басылым транзитті алдын ала мақұлдау жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Алайда Тегеран бұл талаптарды қисынсыз деп бағалап, қабылдаудан бас тартты. Өз кезегінде Ақ үй аталған жарияланымда жалған ақпарат көп екенін, дегенмен оның ішінде шынайы мәліметтер де болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Иран телеарналары елдің барлық талабы орындалғанға дейін жауға қарсы тұратынын хабарлаған. Бұл талаптар қатарына болашақта соғыс қайталанбайтынына кепілдік беру, келтірілген шығынды өтеу және Ормуз бұғазын бақылау кіреді.