Көктемнің шуағына бөленген Қарағанды өңірі Наурыз мейрамын айрықша сән-салтанатпен, кең тыныспен және шынайы ықыласпен қарсы алуда.

Халықтық және заманауи әуендер үндесіп, шат-шадыман көңіл күй мен ақжарқын жүздер мерекенің ерекше рухын айшықтай түсуде. Өңірдің барлық қала-аудандарында ұйымдастырылған думанды шаралар дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастырып, әрбір тұрғын мен қонақты жаңару мен үйлесім мерекесінің ажырамас бөлігіне айналдырды.
Қалалардың орталық алаңдарында этноауылдар бой көтеріп, тақырыптық киіз үйлер тігіліп, театрландырылған қойылымдар, айтыс пен концерттік бағдарламалар ұсынылуда.

Барша жерде ұлыстың ұлы күніне тән көктемгі серпіліс пен ұлттық рух айқын сезіледі.

Мерекенің ең ауқымды алаңдарының бірі Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылды.

Мұндағы мерекелік атмосфера кіреберістен-ақ айқын аңғарылады: ұлттық нақыштағы сәнді арка, тулармен көмкерілген кеңістік — барлығы үйлесімді безендірілген.
Каскадты алаң ақ шаңқан киіз үйлер қоныс тепкен көркем этноауылға айналды. Ұлттық ою-өрнектермен безендірілген әрбір киіз үй белгілі бір тақырыпты арқау етеді — дәстүрлі тұрмыс, қолөнер, ұлттық тағамдар.

Мұнда қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, сауда қатарлары, арт және фото аймақтар,

сондай-ақ көпшілік сүйетін алтыбақан орналасқан.

Мерекенің шымылдығы «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен түрілді.

— Наурыз — жай ғана мереке емес, бұл — рухани жаңғыру мен ішкі түлеудің кезеңі. Ол бізге адамгершілік пен ізгілікке негізделген қарапайым, бірақ өмірлік маңызды құндылықтарды еске салады: үйлесімде өмір сүру, бір-бірімізді құрметтеу, еңбекті қадірлеу және шүкіршілік ету. Ең бастысы — уақытында аялдап, өмірге жаңаша көзқараспен қарау. Өйткені дәл осыдан өзара түсіністік пен сыйластық бастау алады. Бұл — сан ғасырлық дала өркениетіне тән қасиет. Халықты ұйыстыратын осы мейрамда бірлігіміз беки түсіп, жасампаз, озық қоғам қалыптассын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, барлығы ізгі ойдан, жылы сөзден және дұрыс әрекеттен басталады. Сонда ғана жаңғыру нақты іспен көрініс табады, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Мерекелік шаралар концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Сахнада шығармашылық ұжымдармен бірге белгілі өнер майталмандары — Нұрлан Өнербаев, Маржан Арапбаева және «Жігіттер» тобы өнер көрсетті.

Көрермендерге халық әндері мен заманауи эстрадалық шығармалар ұсынылды.

Жағалауда орналасқан мерекелік шатыр биылғы думанның басты орталықтарының біріне айналды.

Мұнда сәндік-қолданбалы өнер туындыларының көрмесі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көшпелі экспозициясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар заманауи технологияларға арналған алаңда робототехника мен жасанды интеллект жобалары таныстырылды.

Робототехника көрмесінде халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүрген жас дарындар өз жетістіктерін паш етті. Олардың қатарында халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегері — «Мұрагер» мектебінің командасы бар.
— Қазіргі жастардың басым бөлігі бағдарламалау мен цифрлық технологияларға бет бұруда. Меніңше, еліміздің болашағы дәл осы бағыттармен тығыз байланысты. Бұл салаларға инвестиция артқан сайын, келешегіміз де нұрлы болмақ. Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Махаббат, бақыт және игілік тілеймін, — деді команда мүшесі Дамир Мағжан.

Мерекелік алаңда балалар ойын аймақтары мен спорттық кеңістіктер де жұмыс істеді. Мұнда қазақ күресі, асық ату, садақ ату, арқан тарту және өзге де ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Наурыз мейрамы көптеген қонақтың басын қосып, олар бұл шуақты күнді жақындарымен бірге қарсы алды.

Астана қаласынан келген Еламан Қойшыбаев та өз әсерімен бөлісті.
— Бүгін — ерекше күн. Барша Қазақстан халқына бейбіт аспан, бақыт пен береке тілеймін. Мерекенің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны қуантады — бәрі көркем әрі шынайы, — деді ол.

Қала тұрғындары да Наурызды зор қуанышпен қарсы алып, жүрекжарды тілектерін жеткізуде.

Николай Шпильченко жұбайы Юлиямен және кішкентай қызымен бірге келген.
— Баршаңызды Наурызбен құттықтаймыз! Әр шаңыраққа денсаулық, бақыт, бейбітшілік пен береке тілейміз. Үйлеріңізде әрдайым жылылық пен қуаныш орнасын! Биыл көктемнің дәл осы мерекемен қатар келуі ерекше әсер қалдырады — табиғаттың шынайы жаңаруы анық сезіледі, — деді жас отбасы.

— Мен үшін Наурыз — жыл сайын асыға күтетін мереке. Саябақтағы думан жыл өткен сайын мазмұнды әрі қызықты бола түсуде. Қарағандылықтар мен қала қонақтарын осы жарқын мерекемен құттықтаймын! Баршаңызға денсаулық, жақсылық пен бақыт тілеймін, — дейді «Сүйінші» би ансамблінің қатысушысы Айза Мұханова.
Халықтық серуендер екі күн бойы жалғасады.

Биыл Қарағанды облысында Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық дәстүр мен мәдениетті сақтау және кеңінен насихаттауға бағытталған мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.