Доллар енді қымбаттамайды, базардағы бағалар төмендейді — сарапшы пікірі

81 просмотров

Күні кеше ҚР Ұлттық банк ақша-несие саясатының маңызды құралы — базалық мөлшерлемені 17-ден 15 пайызға төмендетіп, оның ауытқу дәлізін +/-1 пайыз деп белгіледі. Мамандар бұл индикатордың жыл соңына дейін тағы арзандайтынын болжап жатыр. Осыған байланысты, базалық мөлшерлеменің жалпы ел экономикасына, соның ішінде, инфляцияға, базардағы бағаға, ақыры валюталар құнына қалай әсер ететінін kaz.365info.kz маманнан сұрап көрді.

 Ілияс Исаев
Ілияс Исаев

2016 жылы инфляция деңгейі төмендейді

Қаржыгер-маман Ілияс Исаев еліміздегі жылдық инфляция деңгейі былтырғыға қарағанда төмен болады деп болжайды.

— 2015 жылдың қортындысы бойынша еліміздегі инфляция деңгейі 13,6 пайызды құраған, ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 12-12,5 пайызды қамтиды деп ойлаймын. Өйткені өткен жылғы инфляция деңгейін елімізде екі рет өткізілген девальвация көтеріп кетті. Ал биыл, керісінше, доллар қымбатшылығын ауыздықтауға барынша күш жұмсалып жатыр. Соның бір көрсеткіші — Ұлттық банктің арзан ақша саясатын құруға басымдық беруі. Осы мақсатта еліміздің орталық банкі базалық мөлшерлемені төмендетті.

Базардағы бағаға инфляцияның еш қатысы жоқ

Сондай-ақ Ілияс Исаев

халық тұтынысындағы тауарлар бағасының қымбаттауын уақытша құбылыс деп санайды.

Оның пікірінше, базардағы бағаның өсіміне инфляцияның еш қатысы жоқ.

— Көктемде тауар өндірушілердің қажеттілігі артады. Егістік егу керек, оған жанар-жағармай, тұқым қажет дегендей. Ауылшаруашылығы тауарлары  сырттан көптеп тасымалдана бастайды. Әрине, мұның барлығы қосымша шығын, сондықтан ол тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Ал жаз шыға салысымен, мәселен, жылу сынды коммунальдық ақыларды төлеу қажеттілігі болмайды, өнім де өзіміздікі, сондықтан баға төмендейді.

Арзан ақша саясаты — жағымды құбылыс

«Үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті, соның ішінде, өнеркәсіп саласын ынталандыруға мүдделі. Сондықтан Ұлттық банк арзан ақша саясатын жүргізуге көшті», дейді маман. Осы жағынан алғанда,

бұл – ел экономикасы үшін өте жағымды құбылыс.

Маманның пікірінше, мұндайда несие де арзандауы тиіс екен.

 

— Базалық мөлшерлеме – орталықтан белгіленген индикатор. Оған қарап нарық индикаторлары сап түзейді. Ал базалық мөлшерлеменің төмендеуі, мысалы, несиенің арзандауын көрсете алуы тиіс. Мәселен, коммерциялық банктер елге несиені берер кезде ол ақшаны Ұлттық банктен сатып алады. Кейіннен оның үстіне пайыз қосып, оны халыққа ұсынады. Ұлттық банк міне, сол коммерциялық банктерге сататын ақшаны арзандатып отыр.

Сәйкесінше, коммерциялық банктердің де несиесі сәл арзандауы тиіс.

Алайда өз пайдасына алаңдаулы екінші деңгейдегі банктер қарапайым халыққа беретін несиені арзандата қоюы екіталай. Бірақ, шағын және орта кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласына көрсететін қызметтің құнын төмендетсе, оған да шүкір дер едік. Ондай жағдайда көптеген кәсіпорындардың жұмысы алға жылжып, жоғары инфляциялық қауіп-қатер сейіледі.

Доллар енді қымбаттамайды!

 

«Ұлттық банктің арзан ақша саясатын қолға алуы доллардың енді қымбаттамайтынын білдіреді», деп санайды Ілияс Исаев.

— Қандай да бір сыртқы факторлар килігіп кетпесе,

доллардың енді қымбаттауы екіталай.

Қазірдің өзінде өткен жылдың аяғындағы бағамға дейін жетіп қалдық. Жыл соңына дейін 1 АҚШ доллары 250 теңге маңына барып қалатын сыңайлы. Өйткені соңғы кездері ақша айналымында доллар шамадан тыс көбейіп кетті. Сол секілді қазір бірқатар елдермен сауда-саттық келісімшарттарын доллармен емес, екі елдің ақшасымен белгілеп алудамыз. Теңге депозиттерін де тартымды етіп, пайыздық мөлшерлемесін көтердік. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы да көтеріліп келеді. Үкімет мұнайдың бір баррелі 45 доллардан асса біз қатты қысылмайтын боламыз деп мәлімдеген. Қазір бұл көрсеткіш 48-49 долларды көрсетіп тұр.

Демек, Ұлттық банк енді долларды қымбаттатуға мүдделі емес.

Жақында Ұлттық банктың базалық мөлшерлемені 15 пайыз деңгейінде қалдырды. Банк секторы мамандары бұл көрсеткіштің әлі де төмендеуі мүмкін екенін болжап отыр.

Мысалы, “Асыл-Инвест” сараптама орталығының атқарушы директоры Нұрлан Рахымбаев:

“Мұнай бағасы біртіндеп қалпына келе жатыр, девальвациялық және инфляциялық қауіп-қатер де әлсірейді. Экономикада теңге өтімділігі тапшы екендігіне қарамастан, ақшаны арзандату реттеуші орган тарапынан жасалған дұрыс қадам. Менің ойымша, Ұлттық банк мұнай бағасы мен америкалық доллар бағамын бақылап отырады. Алдағы 3 айда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге қатысты тағы да әрекет жасауы мүмкін”, — дейді сарапшы.

Загрузка...