Ақмолада жоғалып кеткен жасөспірім аман-есен табылды

29 просмотров

Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған студент аман-есен табылып, отбасымен қауышты. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ішкі істер департаментіндегілердің мәліметі бойынша, Бурабай аудандық ішкі істер басқармасының кезекшілік бөліміне бір әйел адам хабарласып, 17 жастағы жиенінің жоғалып кеткенін айтқан.

«Шағымданушының айтуынша, ата-анасынан жетім қалған жасөспірімді (ер бала) әпкесі асырап алған. 2016 жылдың 2-маусымында жасөспірім колледждегі сабағынан шығып, үйіне оралмаған. Кейін оған із-түссіз жоғалған адам ретінде іздеу жарияланды.

Жақында Шортанды аудандық ішкі істер басқармасының жол-патрульдік қызметінің қызметкерлері аудан орталығынан 40 шақырым жерде Астана бағытына жаяу кетіп бара жатқан жасөпірімді тоқтатқан. Кейін бөлімшеге апарып, сұрастырғанда оның Бурабай ауданында жоғалған студент екені анықталды. Қазіргі кезде, жасөспірім тәтесімен қайта қауышты», — деп көрсетілген хабарламада.

Загрузка...