Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Зияткерлік көлік жүйесі ел экономикасына қаншалықты пайдалы?

748

Парламент Сенатының депутаты Манап Көбенов зияткерлік көлік жүйесінің маңызы мен әкелетін пайдасы туралы әңгімелейді.

Әлем тәжірибесі

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, зияткерлік көлік жүйесі технологияларын енгізу:

• жол-көлік оқиғаларының санын 50%-ға төмендетуге;
• көше-жол желісінің өткізу қабілетін 30% арттыруға;
• жолдағы уақытты 30%-ға үнемдеуге;
• отын шығынын 20%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мысалы, Стокгольмдегі зияткерлік қозғалыс жүйесі жол кептелістерін 20%, пайдаланылған газдарды 12% қысқартуға және қоғамдық көлікті пайдалануды күрт арттыруға септігін тигізді.

Қазіргі таңда Сеул жолдарындағы орташа жылдамдық соңғы бес жылда 20%-ға артты. Оңтүстік Кореяда (әлемдегі ең дамыған ел) баж салығын автоматты түрде жинауды, апаттарды және ластануды азайтуды қоса алғанда, зияткерлік көлік жүйесінен жалпы үнемдеу жылына шамамен 1,5 млрд долларды құрайды. Ұлттық деңгейде зияткерлік көлік жүйелерін ілгерілетуді қаржыландыру жыл сайын 2020 жылға дейін 230 млн доллар деңгейінде жүзеге асырылады. Алдағы 20 жылда кореялық зияткерлік көлік жүйесінің жолдағы кептеліс салдарынан экономикалық шығындарды 26 млрд долларға азайтады.

АҚШ-тың бір штатында ауа райының бақылау жүйесі жолдағы мұзға қарсы басқару бағдарламаларын пайдалана отырып, абразивтерді пайдалануды 83% азайтуға, жолдарды қысқы уақытта өңдеуге кететін еңбек шығындарын 62%, ал қысқы жол-көлік оқиғалары санын 83%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

АҚШ көлік департаменті алдағы 20 жыл ішінде зияткерлік көлік жүйесі саласында 600 000 жаңа жұмыс орнын құруға болатынын есептеп шығарған.

Қазақстандағы жағдай

Қазақстанның зияткерлік көлік жүйесінің ережелері заңнамалық деңгейде «Жол жүрісі туралы» заңда (31-бап) регламенттелген. Онда өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешені, көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері нақтыланған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Онда бағдарламаның басты міндеттерінің бірі ретінде «Көлік және логистика» бағыты айқындалған.

Инвестициялар және даму министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде зияткерлік көлік жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізуде.

Зияткерлік көлік жүйесінің мақсаты – көлік процесінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды көлік инфрақұрылымымен, көлік құралдарымен және пайдаланушылармен жүйелі түрде интеграциялау.

Зияткерлік көлік жүйесі құрамына 11 компонент кіреді. Кең ауқымды жобаны 2021 жылға дейін жүзеге асыру жоспарлануда. Инновациялық технологияларды пайдалана отырып, кезең-кезеңімен жолдарда зияткерлік көлік жүйесі элементтері іске қосылатын болады.

Қазақстанда осы салада сандық технологиялар сынақтан өтті. Мысалы, республикалық магистралдық жолдар бойынша жол жүру ақылы. Мәселен, Астана – Щучинск трассасы есебінен жыл сайын бюджет 1,5 млрд теңгеге толығуда. Бұл ақшаны жолды күтіп-ұстауға немесе автоматтандырылған өлшеу құралдарын енгізуге пайдаланады. Қолданысқа енген бір жылда ереже бұзу 85%-ға қысқарды. Сондай-ақ, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас учаскелерінде төлем жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жолдарды жөндеу мерзімдерін бір жылға және транзит ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру жолдағы өлім-жітімді қысқартуға, транзиттік тасымалдар көлемі мен логистикалық қызмет көрсету жылдамдығынан түсетін табысты арттыруға, негізгі автокоридорларды өлшеу құралдарымен толық қамтуға, сондай-ақ жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз