Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Жын-шайтан деген осы ма?”. Біздің ауылда бір тылсым бар

1185

— «Бірде қойды (Қаңтарбай шалдың әңгімесі) түс әлетінде өзен бойына иріп, шай-пайымды қайнатып іше қояйын деп, тезек тере бастадым. Тұрған жерім Мұқаншы өзенінің бойындағы ертеден қалған жалғыз теректің маңы. Ауылдан жырақ жер. Күн ыссы, қырда бұралып сағым еріп жатыр. Тезек теріп кішкене дөңге шыға келгенім сол еді, таң қалғанымнан шалқамнан түсе жаздадым: алдымда он-он бес шақты киіз үй тігілген шағын ауыл жатыр. Оның бірнешеуі ақ шаңқан болып көз тартады. Алдарында топтасып, әңгімелескен біраз еркек кіндік тұр. Ақ жаулықты қыз-келіншектер үйге бір кіріп, бір шығып абыр-сабыр. Төрт-бес тайқазан асылып жатыр. Әрідік жерде ауыл балалары ойнап жүр. Бір аңғарғаным, бұл ауылда той болғалы жатқанға ұқсайды. Жұрттың біразы қырға әлсін-әлсін көз салып әлдекімді күтетін сияқты. Кенет, әппақ киіз үйлердің бірінен жанына екі-үш адам ерткен, қолына домбыра ұстап, үстіне жібек шапан киген шоша сақалды бір мырза шықты. Домбыра ұстаған адамның өңі маған тым таныс секілді көрінді. Домбырасы, шоқша сақалы, жібек шапаны әлдекімді еске түсіргендей. Бұл баяғы атам айта беретін төртінші атамыз, осы Тарбағатай өңіріне белгілі, иісі Сыбанның сал-серісі атанған Мамытжан атам сияқтанды. Той қайда болса, ол сонда жүреді деуші еді, көзі көргендер. Сол болса, сол да шығар. Домбыра ұстаған адам жанындағы серіктерімен сыртта сөйлесіп тұрған адамдарға қосылып, қыр жаққа қарап қол сілтеп, бірдеңені айтып жатыр. Арқан созым жерде тұрсам да ешқайсының дауысы естілмейді. Төбелерінен үңіле қарап тұрған мені ешкім аңғармақ тұрмақ, назар да аудармады. «Апыр-ау бұл елес пе, әлде жын ба?» деп есеңгіреп қалған мен теңселе басып ілгері бірер қадам аттап едім, әлгі көрініс лезде жоқ болды. Көз алдымда күнге күйіп, сарғайған дала мен шоқым-шоқым шилер ғана жатты.
https://kaz.365info.kz/ote-khorkhynyshty-polyak-suretshisinin-en-yrejli-20-kartinasy-260791
«Біссімілләмді» жиі қайталап, әлгіндегі елес ауыл отырған жерді аралап шықтым. Дым жоқ. Еш нәрсе болмағандай. Әлгінде қазан-ошақ тұрған жерді де барып көрдім. Тек әлдебір шұқырдың сұлбалары бардай көрінді. Бірақ оны да жусан басып, ши өсіп кеткен. Кешке дейін өзіме-өзім келе алмай жүрдім.

Болмаған соң ауыл молдасына келіп, көргендерімді айттым.

«Көзіңе көрінген жын-шайтан ғой. Ол жерде баяғыда ескі ауылдың жұрты болған. Мойныңа тағып жүр», деп дұға жазып берді.

Кейін дәл сол жерде, сол елес ауылды, дәл сол адамдарды бірнеше мәрте көрдім. Олар үнемі көкжиекке қарап, қол сілтеп, әлденені әңгімелеп жатты…

«Дәл осы әңгімені айтқанда бұл бір алжыған Қаңтарбай шалдың қырық өтірігі ғой, деп жүре тыңдаушы едім», деп сабақтады әңгімесін Рақымжан аға.

– Дәл осы жағдайды жақында өз басымнан өткізбесем, мұндайға еш уақытта сенбес едім. Бірде үйдегі жалғыз сиыр табыннан келмей қалды. Кешкілік шапқылап арлы-берлі іздегенмен табылдамады. Ертесінде тағы іздеп шықтым. Жұрт «Жалғызтерек жақтан бір қарайғанды көрдік» деген соң, соған қарай тартқанмын. Көк бестімен аңыратып келіп, баяғы Қаңтарбай шал айтқан дөңеске шыға келдім де, қаттым да қалдым.

Баяғы анау алжыған шал айтқан елес ауыл алдымда жайрап жатыр.

Өз көзіме сенерімді де, сенбесімді де білмей, дал болып тұрып қалдым. Сол ауыл… сол көрініс… домбыралы мырза… түтіндеп жатқан қазан-ошақ… Бір киіз үйдің көлеңкесінде күйсеп сиырым жатыр. Баяғы қиқарлығыма салып, «неде болса жандарына барып көрейін» деп атымды тебініп қалып едім, елес-ауыл ыдырап жүре берді. Әлгі ауылдан із де қалмады. Тек бір шидің түбін көлеңкелеп біздің үйдің қарасанкелгірі жатыр екен.

«Бәлкім тағы көрінер» деп, әлгі дөңге бірнеше мәрте шықтым. Бірақ елес ауыл қайтып елес бермеді.

Бұл не жұмбақ? Оны осы күнге дейін түсінбей қойдым.

Жын-шайтан елестеді ме десем, аяқ-қолым балғадай, дені сау адаммын. Лағып жүрген жан емеспін. Бұл не сонда?

Осы бір Рақымжан ағаның айтқандары біразға дейін көкейімде жүрді. Кейін ес біліп етек-жеңімді жинаған кезде сол ауыл сыртындағы Жалғызтерекке барып, сол бір дөңеске талай мәрте көтерілгенмін. Бірақ елес ауыл маған көрінбеді. Дегенмен сондай елестер ара-тұра кей адамдарға кей сәтте көрініп тұратынына сенімдімін. Қазіргі ғылым ондай сәттер жиі қайталанып тұратынын дәлелдеп қойған.

Оны тіпті «уақыт ойығы» не болмаса «уақыт иірімі» деп атайды. Бәлкім, әлгі елес ауыл Қаңтарбай шал мен Рақымжан аға кездейсоқ сол «уақыт ойығының» табалдырығын басып қалғанда көрініс берген болар. Бәрі де мүмкін-ау….
https://kaz.365info.kz/meshitte-otyr-an-perishte-kamera-a-t-sip-aldy-242100
Жарылқап Таңатарұлы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз