ҚР Білім және ғылым министрлігі деректер банкіндегі балалар үйлері тәрбиеленушілері жөніндегі ақпаратқа адамды кемсітетін сипаттамалардың енгізілуі бойынша қызметтік тексеру жүргізді. Ал деректер базасындағы адам құқығына нұқсан келтіретін сөздер алынып тасталды.
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында хабарланады.
Ведомоства мәлім еткендей, ақпаратты 146 жетім-балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың, оның ішінде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму жүйелерінің әлеуметтік педагогтары дайындаған.
Қызметкерлердің іс-әрекеттері балалар құқықтарының бұзылуына әкеліп соқтырғанын ескере отырып, министрлік Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстарының әкімдіктеріне аталған олқылықтарға жол берген қызметкерлерге шара қабылдау қажеттігі туралы хат жолдаған.
Алматы және Қостанай облыстары әкімдіктерінің ауызша берген ақпараты бойынша, жауапты тұлғаларға сөгіс берілді.
Алдағы уақытта балалар үйлері тәрбиеленушілерінің дербес мәліметтерін жариялау ісі министрлік жанында құрылған қоғамдық кеңестің жұмысы шеңберінде бақыланады.
Бүгінгі таңда салалық министрлік жетім балаларға арналған ұйымдарда кадрлық саясат бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстың басты бағыты – қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Балалар үйлері біртіндеп отбасыларды қолдау орталықтарына айналады.
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтер қоры қазақстандықтардың жағасын ұстатқан еді. Осы айдың басында Білім және ғылым министрлігі тұсауын кескен жобада кейбір бүлдіршіндер топастау, еріншек, салақ, аңғал, қорқақ, сараң, ой-өрісі кеміс, бір сөзбен айтқанда, басы істемейтіндер деп сипатталған.