Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
8
USD
449
+0.25
EUR
477
-1.21
RUB
4.77
-0.02

Желіде таныспаңыз! Әзірбайжан жігіті жалғызбасты қазақ әйелін «қатырып» кетті

134

Хеялдан күн сайын жалынды хаттар, жүрекшелер, гүл салынған суреттер алып тұрды. Бірер күннен кейін Хеял аяулым, қымбаттым, жаным деген сөздер айтатын болды. Бакуде өзінің мейрамхана желілері бар білдей кәсіпкердің өзіне қызығушылық танытқанына Диана сенер-сенбесін білмеді. Қазір өзінің жалғыз тұратынын, үйленгісі келетінін, өмір бойы армандаған әйелді енді кездестіргенін айтыпты. Диананың қайда жұмыс істейтінін, кіммен тұратынын, пәтерінің неше бөлмелі екенін де сөз арасында сұраған.

«Жаным, бірге қартаямыз!»

Бірде ол бір айдан кейін Алматыға келіп, қалыңдығымен жақынырақ танысқысы келетінін жазды. Бакудегі кәсібі ойдағыдай, сондықтан Алматыдан да жаңа мейраханалар желісін ашқысы келетінін айтты. “Біз бірге қартайып, әлемді бірге аралаймыз“, – деді. Осылайша Алматыға келген ғашық жігіт “басқа жерден пәтер жалдағанша, жақынырақ таныс боламыз, кәсібімізді бірге жүргізейік”, – деп Дианаға пәтеріңнің бір бөлмесін жалға алайын деген ұсыныс жасады. “Көнбесең, терезеңнің түбінде қонатын боламын”, – деп ойын-шыны аралас “бопсалады”. Ұзын бойлы, келісті, нар тұлғалы, қымбат киінген кәсіпкер жігітті ұнатып үлгерген Диана ақыры Хеялды пәтеріне кіргізді. Осылайша Әзірбайжаннан келген қонақ Алматыдан мейрамхана ашу ісіне кірісіп те кетті. Ғимаратты, кәсіпті рәсімдеуде көп жерге пара беру қажет екенін сылтауратып, әкелген қаражатының жетпей тұрғанын айтып, Дианадан ақша сұрады. Ештеңеден күмәнданбаған келіншек бөлмесінен қажетті соманы алып берді.

Пәтерден айырыла жаздапты

Бірер күннен кейін Хеял Дианаға:

Өткенде ақша жетпей, Бакудегі қымбат көліктерімді ломбардқа өткіз деп едім досыма, міне, бүгін оны кепілден қайтарып алу қажет. Не істейтінімді білмей тұрмын…

Қайта-қайта жүректің дәрісін ішіп, жүрек тұсын уқалап, қатты уайымдады. Жаны ашыған Диананың көмектескісі келді. Енді бұл өзінің туристік бизнесін кепілге қойып, қомақты көлемде несие алып берді.

“Үйіңді сатайық, Бакуде бизнесіміз бар, сонда барып тұрамыз, немесе бір мейрамханамды сатып, қайтадан үй сатып әперем”, – деген Хеялдың ұсынысын Диананың қабыл алмағаны жөн болған екен.

Өйткені сол күннен кейін Диана Хеялды көрген емес.

Төсек қатынасы — жанға жағымды қосымша сыйлық

Қазір өзі ғаламтордағы алаяқтардың неше-түрлі әдістері бар. Біреулер Диананы «қатырғандай» жолмен алдаса, енді біреулер межелеген келіншекті өзіне ғашық етіп, бірер күннен соң саған сыйлық салып жіберемін дейді. Жіберген сыйлығын алу үшін қомақты көлемде ақша төлеу қажет.

Айтпақшы, неке алаяқтары көбіне теңізші, ұшқыш, отставкадағы полковник, кәсіпкер тәрізді романтикалық кәсіп иелері ретінде танысады. “Аңызын” өте мұқият ойластырады.

Олардың көздегені тек пайда. Ал, төсек қатынасы — жанға жағымды қосымша сыйлықболып табылады.

Мұндай алаяқтың құрбандары дүние-мүлкін, қаражатын өз еркімен беретіндіктен қылмыстық жазаға тарту да оңай емес. Оның үстіне, шетелдің виртуалды алаяғын табу қиын: олар ғаламторда жалған мекен-жай жазып, өзге біреудің фотосуретін көрсетуі де мүмкін.

Ғаламтор желісіндегі алаяқтықтар ішінде неке алаяқтығы үшінші орында тұр. Олар – шебер психолог. Жалғызбасты әйелдердің махаббатқа деген мұқтаждығын, басқа да босаңдығын асқан ептілікпен, мықты іскерлікпен пайдалана біледі. Ал алаяқты дәл танудың анық әдісі жоқ. Сондықтан психолог мамандар қанша ғашық болыңыз да, ақыл-есіңізді жоғалтпаңыз деген кеңес береді. Әйтпесе, алаяқтар әмияныңыз, үйіңізден бастап жан-дүниеңізді де «босатып» кетуі ғажап емес.

Аяжан Төрехан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз