Елімізде “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша алдағы 15 жылда сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы және кредиттік баспана салынады.
Жалдамалы тұрғын үй мүгедектер мен жетім балаларға ғана берілетін болады. Ал қалған азаматтар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік баспана алу мүмкіндігіне ие, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаражат республикалық бюджеттен тікелей жергілікті атқарушы органдарға бөлінбек. Бірақ бұл үйлер бірінші санаттағы мүгедектер мен жетім балаларға ғана қарастырылған. Бар болғаны олар 500-600 теңге көлемінде эксплуатациялық шығындарды ғана өтейді. Жалпы, республика бойынша жыл сайын 3 мың пәтерден 15 жылда 45 мың пәтер тапсырылмақшы. Ал қалған санаттағы азаматтар үшін кредиттік баспана салынады. Бұл үйлер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы беріледі. Бағдарламаға жауапты министрлік өкілінің айтуынша, кредиттік тұрғын үйдің бағасы нарықтағыдан әлдеқайда арзан болады.
“Енді 25 жасқа, 35 жасқа, жас отбасыларға деген бөліну болмайды. Төлеу мүмкіншілігі бар және төлеу мүмкіншілігі жоқ азаматтар деп қарастырылады.
Төлеу мүмкіншілігі жоқ азаматтар үшін жалға берілетін, бірақ сатылмайтын үйлер, ал төлеу мүмкіншілігі бар тұрғындар үшін кредиттік баспана салынады. Бүкіл өңірлерде кредиттік баспананың шаршы метрі 140 мың, тек Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында ғана 180 мың теңге болады. Бұл арзан, нарықтағы баға бұдан жоғары. Мемлекеттің көмегі осы”, — деп атап өтті мәжілісте өткен отырыста ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.
Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар үшін тағы бір жеңілдік көзделіп отыр.
“Екінші, пәтер алу үшін жинау қажет қаражаттың сомасын 50 пайыздан 30 пайызға дейін түсірді. Тағы да “Нұрлы жерге” өзгеріс енгізіп, мемлекеттік бағдарлама бойынша 15 пайызға дейін түсіруді қарастырып жатырмыз”, — деді ол.
Бұл бағыт бойынша елімізде 15 жылда шамамен 285 мың отбасы баспаналы болады.
Айтпақшы, “Нұрлы жер” бағдарламасында баспаналы болудың басқа да жолдары бар. Мәселен, азаматтарға бүкіл инфрақұрылымы тартылған жер учаскелері бөлінеді. Бұдан бөлек, жеңілдетілген ипотека қарастырылған. Яғни, банктің пайыздық мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекет өтейді. Дәл осындай мүмкіндік құрылыс компанияларына да жасалмақшы. Осы жұмыстардың нәтижесінде 15 жылда 1,5 миллион отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні елімізде 2,5 миллион адам баспанаға мұқтаж. 1 млн 300 адам 10 сотық жер алуға, 428 мыңнан астам адам әкімдіктерде кезекте тұр. Ал 800 мың адам — тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы.