Қазақстан халқы асссамблеясының кезекті отырысына қатысқан президент айтыс ақындарының өзін асыра мақтайтынына көңілі толған жоқ.
Бұл туралы КТК хабарлады.
Жылда көктемде еліміздегі барлық ұлт өкілдері дәстүрден айнымай Астанаға жиналады. Елбасы дәл осы кездесуде Қазақстанды мекен еткен орыс, кәріс, өзбек, тәжік сынды жүзден астам этностың басын қосып, кеңеседі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының президенті:
– Меніңше, айтыс алдымен облыстарда өтсе, сол жерлерден жеңімпаз шықса, оларды таңдап, республика бойынша көрсетсе, дұрыс болар еді. Кілең дүлдүлдер шығуы тиіс. Оның сөзі әніне сай болуы қажет. Әйтпесе, сендер “Назарбаевты мақтаңдар” деп тапсырма бересіңдер, содан неше түрлі бәлелер айтылып кетеді. Адам тыңдамайтын.
Бірақ Жүрсін Ерманда тосылып қалмады. Елбасының ескертуін жуып-шаюға кірісті.
Жүрсін Ерман, ақын:
– Айтыстарда сіздің портретіңізді жасаған кезде залдағылар уылдап-шуылдап қолдап отырады. Сол кезде , көзіме жас келеді. Мен жағымпаздықтан айтып отырған жоқпын.
Жағымпаздыққа жаны қас екенін тағы қайталаған мемлекет басшысы бастысы бірлікті көздің қарашығындай сақтау керектігін шегелеп айтты.