9-мамырға орай еліміздің әр өңірінде ардагерлер әртүрлі көлемде сыйақы алады.
Жеңістің 72 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлеріне қандай төлемдер мен сыйлықтар берілетіні белгілі болды. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Мәселен, шығыс өңірі ардагерлерге 500 мың теңге, ал Астанада – 150 мың теңгеден төлеуге дайын.
Бұл мәліметтерді жергілікті атқарушы билік өкілдері ұсынып отыр.
Астанада 121 ҰОС ардагері бар. Оның ішінде 22 адам – ҰОС мүгедектері. Тылда еңбек еткендер – 3 498 адам. Биыл бір реттік төлем бірнеше категориядағы адамдарға жасалады. Осылайша, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері 150 000 мың теңгеден алады. Жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген жандар (кейбір категориядағы тұлғалар) 20 000 теңгеден алады. Тылда еңбек еткендер, фашизм тұтқынында болғандар мен мерт болған әскерилердің жесірлеріне 10 000 теңгеден төленеді.
Сәуірдің аяғында Шығыс Қазақстанда 231 ҰОС ардагері, 99 мүгедегі және тылда еңбек еткен 26 мыңдай адам тұрып жатқан. Олардың барлығы жыл бойы облыстық бюджет есебінен шипажай жолдамаларымен, компенсаторлық және гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген. Биыл Шығыс Қазақстандағы ҰОС ардагерлеріне 500 мың теңгеден беріледі.
Биыл Павлодарда Жеңіс күнін 90 жастағы және одан жоғары 103 ҰОС ардагері қарсы алады. Оларға былтырғыдай 150 мың теңгеден ақшалай сыйлық және 10 мың теңгеге есептелген азық-түлік пакеті беріледі. Жеңістің 72 жылдығына ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдарға 22 690 теңгеден беріледі. Ал 1941-1945 жылдар аралығында алты айдан астам уақыт еңбек еткендер 11 345 теңгеден алады.
Солтүстік Қазақстан облысында ардагерлерге берілетін төлем екі есеге артты. Ардагерлерге 100 АЕК, яғни 226 900 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық төленеді, ал бұрын бұл сомма 50 АЕК көлемінде болған. Өңірде 100-ден аса ардагер тұрып жатыр.
Қарағанды облысында 91 ҰОС ардагері бар. Оларға 150 мың теңгеден бір реттік ақшалай сыйлық беріледі. Олардың қатарында Ленинград қоршауында болғандар, концлагер тұтқындары, қаза болған әскерилердің және бейбіт кезде көз жұмған соғыс мүгедектерінің жесірлері, тылдағы еңбегі үшін марапатталғандарға жергілікті бюджеттен жалпы 82 миллион теңге төленеді.
Ақтөбе облысында ардагерлер 100 мың теңгеден алады. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген жандарға 50 мың теңгеден төленеді. ҰОС ардагерлерінің жесірлері 30 мың, концлагерь тұтқындары – 25 мың, ал тылда еңбек еткендерге 10 мың теңгеден береді.
Жамбыл облысында ардагерлерге 150 мыңнан төленеді. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдар 30 мыңнан, ал тылда еңбек еткендер 15 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар алады.