Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Уәде беріп қойыпты”. Биыл доллар қымбаттамайды – сарапшы

122

Бұл туралы экономика сарапшысы Меруерт Махмұтова Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

Соңғы кездері Қазақстанда доллар халықаралық нарықтағы мұнай бағасына қатысты құбылуын қойып кетті. Тіпті, рубльдің өзгерісіне де мән бермейтін бопты.

Үкіметке доллардың арзандағаны керек

Белгілі жайт, күн санап доллар бағамы құлдырап барады, әзірге оның тоқтар түрі жоқ. Осыдан-ақ теңге бағамын Үкімет қолдан қолдауға кіріскенін анық аңғаруға болады. Бірақ қашанға дейін?.. Не үшін соншама ақша шығарып, нарық тәртібіне бағынбай жатырмыз? Мұның құпиясын сарапшы-маман былайша ашты.

„Өз басым, доллар бағамына қатысты болжам айтқанды ұнатпаймын. Алдағы үш айда не болады деп біреулер сұрап жатыр. Тағы біреулер девальвация міне-міне тақап тұр дейді.

Ал мен ешқандай да девальвация болмайды деп айтар едім.

Керісінше, доллар құны 300 теңгеге дейін құлдырауы мүмкін. Өйткені біз шаш-етектен қарызбыз. Қарызды қайтаратын кез де тамақтан келіп алуда. 2017 жылы төлейтін 23,7 млрд(!) доллар сыртқы қарызымыз бар екен.

Оны бөліп төлеудің схемасы да түзіліп қойылған: І-тоқсанда – 5,6 млрд доллар. ІІ-тоқсан – 5,0 млрд доллар, ІІІ-тоқсан – 4,7 млрд доллар, IV-тоқсан – 8,3 млрд доллар. Енді ойлаңызшы, Үкіметке доллар құнының қымбаттағаны керек пе, әлде әлсірегені жақсы ма?..

Әрине, рубль келіп бәрінің быт-шытын шығармаса, әзірге доллар қымбаттамайды, керісінше арзандай береді„.

Демек, Қазақстан билігі үшін биыл жыл бойына доллар қымбаттамаса жақсы. Сол үшін олар бәрін салады.

Жаңа санкция: Ресей билігінен де, рубльден де маза кетіп тұр

Алайда рубль қатты шайқалса, амал нешік?.. Ал рубль міндетті түрде „төңкерілетін„ көрінеді. Өйткені АҚШ Конгресі Ресейге қарсы бағытталған тағы бір жаңа санкцияларды қарастыратын заң жобасын қарастырып жатыр екен. Онда осыған дейін қолданылып көрмеген санкция түрі бар. Ол қабылданбай-ақ Ресей билігінен маза қаша бастапты.

Мәскеуді қатты қорқытып отырғаны – Ресей Федерациясының мемлекеттік және корпоративтік құнды қағаздарына инвестиция жасауға салынатын тыйым. Бұл заң жобасы қабылданбай-ақ қазірдің өзінде шетелдік инвесторлар ресейлік қағаздардан ақшаларын әкете бастаған көрінеді. Ал бұл дегеніңіз ресейлік ірі кәсіпорындар мен өнеркәсіптер тоқырауға ұшырайды деген сөз.

Қорқынышты, әрине. Қалай дегенмен де сарапшылар қыркүйек айынан бастап рубль шыңырауға құлайды деп болжауда.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз