Түркияның Анкара қаласында болған теракт салдарынан қаза тапқандар саны артты.
ВВС басылымының дерегінше, Turkish Aerospace (TUSAŞ) аэроғарыш компаниясының штаб-пәтеріндегі қайғылы жағдайдан кем дегенде бес адам көз жұмып, 22 адам жарақат алған.
«Теракт салдарынан қаза тапқандар саны бес адамға дейін артты. Жалпы жараланғандар – 22 адам, олардың үшеуі ауруханадан шықты», – деп мәлімдеді Түркияның ІІМ Әли Ерликая жергілікті телеарнаға берген сұхбатында.
Айта кетейік, еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкара маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты.
«Суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ мерт болған азаматтардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннәтта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп жазылған жеделхатта.