Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-12
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

“Тутубаевтан құтқарыңыз!”. Шендімен шекіскен кәсіпкер Бас прокурордан көмек сұрап жатыр (фото)

Десе де даудың түсініксіз тұстары көп. Кәсіпкердің өзіне хабарласып, мәселенің мән-жайын тереңірек білмекке тырысып көрдік.

Сонымен…

Асқар Тутубаев

Бұл оқиға осыдан 10 жыл бұрын басталыпты. Масипхан Қытайдан келген. 2004 жылы.

“Кәсіпкерлік қабілетімді елге кеп жүзеге асырам деген арманым болды. Қытайда да құралақан емес едім. Табысты кәсібім болған. Атажұртқа көшіп келгенде де бизнесті тастағам жоқ. Қайта жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қытай мен Қазақстанның арасында алыс-беріс саудаға араласып кеттім. Үрімжіде бизнес-әріптестері қалған. Елге оралғасын, солармен арадағы тауар алмасуды жандандырдым”, – дейді ол. 

Ал Асқар Тутубаевпен 2003 жылы Үрімжіде танысса керек.

Маған “бірігіп кірпіш зауытын ашсақ”, деген ұсыныс айтты. Келістім. Қытайдан кірпіш зауытының бүкіл техникасын алып келдім. Зауытты құрастыратын, жүргізетін мамандарды да шақырдым. Рас, зауыттың құрылысына қажетті қаражаттың негізгі бөлігін Тутубаев шығарды. Уағдаластық болған, алайда. Түскен пайданың белгілі бір бөлігін беретін болып, уәде еткен. 2006 жылы зауытты басы бүтін Асқардың өзі алды”, – дейді кәсіпкер.

Қоя салыпты. Ренішін айтса да, кек сақтамаған. Араларындағы байланыс үзілмепті. Бірақ, бұл басқа мәселе.

“Цемент әкеп бер!”

Кәсіпкердің басын дауға қалдырған оқиға 2007 жылы болған. Асқар Тутубаев хабарласып:

“міне, 60 мың доллар. Маған Қытайдан цемент әкеп бер”, – деп тапсырған.

Бұл келіскен. Ақшаны Асқардың өз қолынан алған. 

Бақытбек Тутубаев

Осы арадан бір кідіріс жасалық. Қарсы тараптың уәжі бар. Айтуларынша ақшаны кәсіпкерге Асқар емес, інісі Бақытбек беріпті. Кәсіпкердің үстінен арыз жазған да дәл осы Бақытбек Тутубаев екен. Шынымен солай ма?

– Жоқ. Ақшаны Асқардан алдым. Ағасы мен інісін ажырата алмайтын ақымақ емеспін ғой?!

Мәселе мынада, Асқар Тутубаев қазір мемлекеттік қызметкер болғандықтан, інісі арқылы мені сотқа беріп отыр, – дейді Қонай Масипхан.

Не керек, 60 мың долларды қалтасына басқан ол цемент әкелу үшін Қытайға тартып кетеді. Бірақ 20 күн өтер-өтпестен, Асқар Тутубаев хабарласқан. 

– “Бізде цемент арзандап кетті. Қытайдағысы керек емес. Ақшаны дереу қайтар”, деп бұйрық берді.

– Мен ол кезде цементтің ақшасын зауытқа төлеп, вагонға тапсырыс беріп қойғам. Ақшаны қайтару қиын екенін айттым. Көнбеді. Реніш басталды, – дейді Масипхан.

2009 жыл

Осы жылы кәсіпкер Тутубаевтан алған 60 мың долларды екі бөліп қайтаратынын айтып, қолхат жазып береді. Қолхатты Асқардың інісі Бақытбектің көзінше жазған. Қайтарып беретін уақытын да айтады. 

– Айтқан уақытымнан бұрын қайтардым. Үш жігіт джиппен келіп алып кетті. Дәл сол кезде Асқарға телефон шалып, ақшаны жіберген жігіттерінің алып кеткенін хабарладым.

Аңғалдығымның кесірі ме, қолхатты алып қалмаппын. 

Асқар екеуміз одан бұрын да талай ақша алып, ақша беріскенбіз. Алған ақшасын алмадым деп айтады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген, – дейді Қонай Масипхан.

2015 жыл 

Осы жылдың 15-сәуірінде Алматыдағы «Апорт» сауда орталығында жүрген жерінен Қонай Масипханды полиция құрықтайды. ГРЭС-тегі (Іле ауданы) полиция бөлімшесіне алып келеді.

– Сол кезде Бақытбек Тутубаевты көрдім. Ол бірден

«Сен маған қарызсың. Осы кеткенің кеткен. Сені түрмеден ешкім құтқара алмайды», – деп айғайға басты.

Осы жерде үш күн тергеуде отырдым. Сенесіз бе, олар менің 2009 жылы берген қолхатым негізінде үстімнен арыз жазыпты!

Бақытбек Тутубаев тергеушінің көзінше ұрып-соғып: “92 мың доллар қарызбын деп қолхат жазып бер” деді.  Амалсыз соның айтуы бойынша жазып бердім. Үш күннен соң кепілдікке мініп жүрген машинамды және қытай паспортын қойып босап шықтым. Содан бері екі жыл өтті. Тергеуден кейін іс сотқа жетті

 – дейді кәсіпкер. 

Диалог

– Бақытбек Тутубаевтың ұрғаны шын ба?

– Шын. Тергеушінің көзінше ұрды.

– Тергеуші ештеңе демеді ме?

– Жоқ. Қарап отырды. Жалпы, тергеу біржақты жүрді. Тутубаевтар не айтса, мені соған көндіруге тырысты.

– Адвокат жалдадыңыз ба?

– Таныстар арқылы бір адвокат таптық. Ол орыстілді болды. Тергеуші де орыстілді. Олардың сөзін аудармашы арқылы біліп отырдым. Сол тергеу кезінде бұра тарту, маған түсініксіз жайттар өте көп болды…

Шахановтың әйелі қайдан жүр? 

Тергеу кезінде Масипханның үстінен тағы 3 арыз түскен. 

– Шаханова есімді кісіні танитынмын. Елге танымал ақын Мұхтар Шахановтың әйелі. Қытайға барып, сауда жасап жүретін. Ол менің үстімнен 2008 жылы Қонай менен 5 мың доллар қарыз алып, қайтармай кетті депті. Сол кезде тергеушілерге айтып түсіндіре алмадым, мен 2008 жылы паспортымның жарамдылық мерзімі бітіп, Қытайда жүрдім. Қазақстанға келгем жоқ. Ал Шаханованы талай күтіп алып едім. 2015 жылы ауырып жатыр дегенді естіп, көңілін сұрап та барғанбыз. Қалбалақтап, рахметін айтып қалған. Көп өтпей, менің үстімнен арыз жолдапты. Тутубаевтар әулетімен бірін бірі жақсы таниды…

– Егер жазықсыз болсаңыз, бұлар неге Сіздің үстіңізден арыз берді?

– 2015 жылы мен ұсталған соң, 3 күн өтпей, бұлар да арыз беріп үлгерген. Бірінен бірі естідік дейді…

– Сонда бұл әдейі құрастырылған сценарий дегіңіз келе ме?

– Солай демеске лажым жоқ. Мені ауыр қылмыскер, талай жұртты сан соқтырған алаяқ етіп көрсеткісі келеді.

– 2009-2015 жылдардың арасы біраз уақыт. Тутубаев сізді сол кезде неге тұтқындатпаған?

– Егер шын қарыздар болсам, мені сол кезде-ақ тұтқындатуына болар еді.

Өз ойым, олар әлдебір ортақ таныстарымыз арқылы менің ірі жұмыстар істеп жатқанымды біліп, соны алғысы келді ме деп ойлаймын. Қытайдан инвестор әкеліп, алтын кен өндіретін зауыт құруды қолға алғанмын… 

– Ашық хатыңыз Бас прокурор Жақып Асановтың назарына ілігіпті деп естідік. Соттың әділ өтеріне сенімдісіз бе?

– Әрине. Бірінші сот отырысы кезінде Алматы облыстық соттан арнайы адамдар келіп, хатымызбен танысқанын айтты. Әділдіктің барына сенемін. Назарбаев үнемі кәсіпкерлерге жағдай жасауды, олардың құқын қорғауды тапсырып келеді. Менің жанайқайымды жоғарыдағы шенді, ықпалды кісілер естиді деп сенемін. 

P.S. Үстіміздегі жылғы 10-наурызда осы іске қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Бардық. Қатыса алмадық. Тутубаев пен оның қорғаушылары журналистердің қатысуына қарсы болды. Келесі сот отырысы ертең өтеді.

Біздің портал ашық пікірталас алаңы, егер екінші тарап дәл осындай сұхбат беруге келісер болса, олардың да уәжін тыңдауға дайынбыз. 


 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз