Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Тәуелсіздік жылдары елімізде 257 мың шақырым жол салынды

Шығыс пен Батысты жалғайтын халықаралық күре жолдың жалпы ұзындығы –8445 шақырым. Оның 2787 шақырымы біздің елдің 5 өңірін бойлай өтіп жатыр. Қытайдан Еуропаға теңіз арқылы жүк 40 күнде жеткізілсе, көлік дәлізі толық пайдалануға берілген кезде 10-ақ күнде тасымалданады. Осылайша Қазақстанның көкжиегі кеңейген көлік кешені көк теңіздер мен мұхиттарға төте жол сала бастады.

Күре жолдардағы көлік нөпірінің артқаны қазірден-ақ байқауға болады.

Елікбай Қашымбаевтың жүк тасымалымен айналысқанына 20 жылдан асқан. Құрылыс компаниясында қызмет жасайтын ол арнайы техникаларды өңірлерге жеткізеді.

«Бұрын жол ұзақтығы мен сапасыздығы қажытып жіберетін. Қазір діттеген жерімізге еш қиындықсыз жетеміз», – дейді.

Елікбай Қашымбаев, жүк көлігін жүргізуші:

-Батыс Қазақстаннан келе жатырмын. Ақтөбе облысынан Шымкентке қарай бардым. Жолды көріп таң қалып жатырмын. Жақсы, өте тамаша. Айына 1-2 рет жүреміз. Бұрын шаршайтын едік жете алмай. Байқоңырдан осы жерге дейін жетудің өзіне күн жарым уақыт кететін еді. Қазір 200-ден астам шақырым жолдан 3 сағатта келіп тұрмын.

Сырдария ауданының тұрғыны Ерлан Спанов та өз болашағын жолмен байланыстырады. Өткен жылы автодәліз бойынан қызмет көрсету кешенін ашып, 30 ауылдасына жұмыс тауып берді.

Ерлан Спанов, кешен меңгерушісі:

-Адамның да, көліктің де көбейгені жаңа жолдың арқасында жақсы білініп тұр. Қазіргі таңда 40 орындық асхана, 20 орындық қонақүй бар. ТЖБ, желімдеу, шағын дүкен жұмыс жасап тұр. Шаштараз, себезгі жұмыс істейді.  Халықаралық магистральдың аймақтағы транзиттік бөлігінің 99 пайызы пайдалануға дайын.

Құрылысына 164 млрд теңге жұмсалған жолдың бойында 48 көпір, 14 жол айырығы мен 83 мал өткелі салынды.

Шанжархан Мырзабай, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары:

-120 шақырым\сағ жылдамдықпен жүретіндей жол салынған. Бұл жол 15 жылға дейін деп есептеліп, салынып жатыр.

Ширек ғасырда қазақстандық көлік инфрақұрылымы түбегейлі жаңарды. Бірнеше ірі жоба іске асырылды. 2013 жылы бірінші ақылы жол «Астана-Бурабай» бағыты ашылды. Бүгінге дейін 4 млрд теңге түскен.

Жандос Жүнісов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бөлім басшысы:

-Ақылы жолдан түскен қаржыға жазғы маусымда жолды әрлеп, жол белгілерін қайта ауыстыру шаралары жүргізіледі. Ал қыста қардан тазартып, көктайғақты болдырмауға жұмсалады. Негізінен қауіпсіздік пен жолда қолайлылықты қамтуға бағытталады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде 257 шақырым автожол салынды. 28 мың 208 шақырым жол жөндеуден өтті. Жалпы ұзындығы 5,5 мың шақырымды құрайтын 29 көпір салынды. Пайдаланылған құрылыс материалдарының 90 пайызы отандық кәсіпорындарда өндірілген.  Жыл соңына қарай «Астана-Щучинск-Көкшетау-Петропавл-Ресей Федерациясының шекарасы» көлік транзитін аяқтау жоспарда бар. Жолды жаңғырту 2005 жылы басталған. Қазір 56 шақырымы қолданысқа берілді.

Қайырбай Садуақасов, СҚО «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы директорының орынбасары:

-Ұзындығы 143 шақырымдық «Көкшетау-Петропавл» жолы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

«ҚазАвтоЖол» алдағы уақытта осы жолды Ресейдің шекарасына дейін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы «Челябинск-Новосибирск» жолының құрылысы басталады. Осының негізінде қазақстандық көлік қатынасы бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтеріледі. Халықаралық деңгейде жүктер тасымалы артады. Қауіпсіздік те қамтылады. Сәйкесінше бұл саладан экономикаға түсетін табыс та еселеп арта бермек.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз