Түркияда маусымның 10-17 арасында Құран жаттау және мәнерлеп оқудан өткен халықаралық жарыста Қазақстан екінші орынды еншіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қасиетті бұл сайысқа Қазақстан атынан екі үміткер, яғни жатқа оқудан “Нұр-Мүбарак” Египет Ислам мәдениеті университетінің студенті Шоқан Уәлиев, ал мәнерлеп оқудан Шымкент қаласындағы «Ықылас» қарилар орталығының шәкірті Бекзат Жүсіпұлы аттанған.
– Ақтық сайыс оңай болған жоқ. Қасиетті Құранның кез-келген жерінен қойылған сұраққа бес қари мүдірмей оқып шықты. Сондықтан, кімнің жеңімпаз екенін өзара топшылау қиынға соқса да бангладештік әріптесіміздің үздік екенін аңғардым, – деді Шоқан өз сөзінде.
Ыстамбұл қаласында бір аптаға созылған Құран сайысында бірінші орынды Бангладеш елінен келген хафиз иеленсе, екінші орынды Шоқан Уәлиев еншілеп, қазақ елінің атын асқақтатты. Ал үшінші орын Сомали елінің хафизына бұйырды.
Жеңімпаздарды марапаттауға Түркия президенті Режеп Таиб Ердоғанның өзі қатысып, қасиетті Құранға, қариларға деген ықылас-құрметін көрсетті.
Айта кетсек, “Нұр-Мүбарак” университетінің студенті Шоқан Уәлиев халықаралық сайысқа өткен жылы тұңғыш рет Малайзияда қатысып, 100-ге жуық хафиздың арасынан алғашқы ондыққа ілінген болатын.