Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Төленген салық кәсіпкерлікке берілген суб­сидия көлемінен 4 есе артық

Шараны Ұлттық экономика министрлігі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және АӨСШК хатшылығы ұйымдастырды деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінде Динара Бітікова.

Қазіргі таңда елімізде экономикалық өсімнің оң серпіні байқалады. Оның бірден-бір тетігін елдегі кәсіпкерлікті дамытумен байланыс­тырамыз. Ал кәсіпкерліктің көкжиегі елдер арасындағы іскерлік бай­­­ланыстардың жетілуімен ұштасады. Өйт­кені, бизнестің тынысы оның нарықтағы кеңістігінің ұлғаюымен ашыла түсетіні рас.

Аталған форумның да ел үшін маңыздылығы осында. Онда сөз алғандар Қазақстанның қазіргі экономикалық даму қарқынын жоға­ры бағалап, біздің елмен экономикалық байланыстарды бекіте түсуге барынша ниетті екендіктерін айтты. Әрине, бұған еліміздің әлемдік бәсекелестікке ұмтылған қадамдарының ықпалы зор екені анық.

Мәселен, Дүниежүзілік банктің сарапшылары Қазақстанды 2015-2016 жылдардағы «Doing Business» индикаторы бойынша ең жоғары ілгерілеуді көрсеткен 10 экономика тобына кіргізген болатын. Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов келтірген мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан «құрылыс алуға берілген рұқсат», «қуат көзімен қамтамасыз ету жүйесіне қосу», «миноритарлық инвесторларды қорғау» секілді көрсеткіштер бойынша жоғары көрсеткішке ие болған.

«Соңғы 12 жылда біздің ел төртінші рет үздік реформатор ретінде аталып отыр», деді форумның ашылуында Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов. Ал бұл көрсеткіштердің бәрі елдегі кәсіпкерліктің қадамын кеңейтуге септігін тигізді. 2010 жылдан бастап «Даму» қорының бастамасымен Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Оның негізгі құралы несие бойынша мөлшерлемені субсидия­лау мен кепілзат жетіспеген жағдайда несиеге кепілдік беру және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несие беру болып табылады. Елімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин баяндады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ла­масы жүзеге асырыла бастаған алты жыл ішінде осы бағдарламаға қатысушылар 1,6 млрд АҚШ долларының салығын төлеген, 17,4 млрд АҚШ долларына шаққандағы өнім шығарылған. 300 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, бұрынғылары сақталып қалған.

Төленген салық мөлшері берілген суб­сидия көлемінен 4 есе артық. Бұл қаржының мемлекет қазынасына еселеніп құйылып жатқанын көрсетеді. 2016 жылы бағдарламаның қорытындысы бойынша шамамен 155 млрд теңге салық түсіп, кем дегенде 25 мың жұмыс орны сақталып, жаңалары ашылады деп жоспарланған», деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин.

Алқалы жиында, сонымен қатар, АӨСШК атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, АӨСШК Іскерлік кеңесінің төрағасы Чжан Юй Цзин, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капан­нелли, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык және басқа да халықаралық сарапшылар сөз сөйлеп, іскерлік байланыстарды жетілдіре түсу жолдарын әңгімеледі.

Форум аясында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау – АӨСШК елдерінің тәжірибесі» және «Микроқаржыландыру секторын дамытудағы аймақтық үрдістер», «Жасыл экономиканы дамыту», «Франчайзингті қолдаудағы АӨСШК қатысушы елдердің тәжірибесі» тақырыптарында панелдік отырыс­тар ұйымдастырылып, кәсіпкерлікті дамыту жайы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, форум «Бір белдеу – бір жол» және «Нұрлы жол» с­тратегиясын жүзеге асыру аясында әріптестік дамыту жөніндегі халықаралық форумы», «АӨСШК Іскерлік кеңесінің екінші отырысы» сияқты шаралармен жалғасты.

Бизнес-форум аясында «Даму» қоры­ның ұйымдастыруымен 20-дан астам франчай­зингтік компаниялардың өнімдері қойылған «KazFranch-2016» көрмесі өтті. Қазір бизнеспен байланысы барларға «франшиза» сөзі етене таныс. Француз тілінен аударғанда «жеңілдік» деген мағынаны беретін бұл термин бүгінде бизнес ашудың тиімді тетігіне айналды.

Ол дегеніміз, дайын брендті немесе бизнес үлгісін пайдалануға құқық беретін немесе танымал болған сауда белгісі мен дайын технологияларды қолдануға мүмкіндік беретін басқа да кешенді игілік. Әрине, франчайзи мен франчайзердің арасында қол қойылған келісімшартта барлық жеңілдіктер, міндеттер мен франчайзердің талаптары көрсетіледі. Ал елімізде франчайзингтік жобаларды қаржыландыруға «Даму» қоры қолдау білдіріп жатқаны белгілі. «KazFranch» көрмесі де осы игілікті шаралардың жалғасы.

Сонымен, франшизаларды экспозиция­лауға арналған алаңда өз өнімдерін шет елде де сата алатын компаниялардың бірі «Mimioriki» болды. Бұл – Textiline бала­лар киімін шығаратын тұңғыш отан­дық бренд. Елдегі ірі киім өндіруші. Соны­мен қатар, «Jolly Volly» жылжымалы кофе сататын дүңгіршіктер желісі де көрме­ден көрінді. Франшизасын шет елге сат­қан тұңғыш компания «RedDragon» да келушілердің қызығушылығын тудырды. 2009 жылы құрылған «RedDragon» сауда белгісі бүгінде Алматы мен Шымкенттегі қазақстандық нарықтан басқа Ресей, Қырғыз елінде де танымал. Қазақстандағы ірі конди­тер­лік кәсіпорындардың үздік үштігіне кіретін «Крендель» ЖШС да көрме мазмұнын толықтырды.

Одан әрі «Мадлен» кондитерлік кофеханалар желісіне тоқталуға болады. Бұл бүгінгі күні қоғамдық тамақтандыру мен кондитерлік тағамдар саласында қарқынды да­мып келе жатқан компаниялардың бірі. «Мадленнің қазіргі таңда 17 кофеханасы бар. Сондай-ақ, көзге түскен тағы бір кәсіпорын – «Serebroff» зергерлік желісі. 2011 жылы құрылған желінің қазір елімізде 27 салоны бар. 2016 жылдың соңына дейін тағы 3 зергерлік дүкен ашпақшы. Ал 1996 жылы құрылған «Эльдани» қайырымдылық қоры мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орнын тауып берумен айналысатын тұңғыш мекеме. 20 жыл ішінде мыңнан астам шаралар мен жобаларды жүзеге асырған.

Айтқандай, форум қорытындысында «Даму» қоры мен «ШОК корпорациясы» АҚ (Ресей), Беларусь кәсіпкерлерді қаржылай қорғау қоры және Моңғолияның шағын және орта кәсіпкерлік қоры арасында, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен Моңғолия шағын және орта кәсіпкерлік қоры арасында меморандумға қол қойылды. Ал бұл құжаттар елдердегі кәсіпкерлік көкжиегін кеңейте түсеріне сенім мол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз