Универсиада ойындарын тамашалағысы келіп, кассаға кезекке тұрғандарды билеттің жоқтығы таң қалдырған.
Өйткені стадион іші жартылай бос. Мұны түсінбеген жұртшылық әлеуметтік желілерде өз наразылықтарын бірінен соң бірі білдіріп жатыр. Осыдан кейін Алматыда өтіп жатқан Универсиада-2017 сайыстарына қосымша билеттер сатылымға шығатындығы хабарланды.
Сөйтсек ел түсінбей жүрген стадионда бос деген орындар алдын ала брондалып қойған болып шықты.
Универсиада дирекциясы тіркеген хаттама бойынша, трибуналардағы орындардың бір бөлігі FISU мен ресми делегациялар өкілдеріне, сондай-ақ спортшылар мен БАҚ өкілдеріне бөлінген екен. Билеттерге сұраныс артқандықтан FISU жетекшілігі ұйым атына тіркелген орындардың көбін көреремендерге беретін болып шешіпті.
Қазіргі кезде FISU ұйымы өздеріне тиесілі квоталық орындардың 90 пайызына билетті еркін сатылымға шығару туралы келісім берді.
Мәнерлеп сырғанау мен хоккей сияқты қызықты спорт түрлеріне билет сату бүгіннен басталады. Билеттерді онлайн және офлайн желісі арқылы сатып алуға болады.
Билеттер алыпсатарлардың қолына түспес үшін бір адамға 5-8 билетке дейін ғана сатылады. Бүгіннен бастап кез келген жарыс түріне билеттер туралы ақпарат Универсиада сайтының басты бетінде жарияланатын болады.
Қазіргі кезде Универсиадаға 184 мың билет сатылған (жалпы мөлшердің 80 пайызы) – бұл Қазақстанда өткен қандай да бір шараға сатылған билеттер бойынша рекордтық көрсеткіш. Оның үстіне жарыс басталар алдында сұраныс тіптен артып кетеді. Мысалы, Универсиаданың ашылу салтанатынан кейін бірден 30 мың билет сатылған.