Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Спорт журналисі Сайын Тұрсынов өмірден озды

344

Сайын Сүлейменұлы 1936 жылы 25 қаңтар күні Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарғалы (бұрынғы Фабричный) ауылында туған. Балалық шағы осы ауылда өтеді. Мектеп бітіген соң бір жыл құрылыста жұмыс істеген.

1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Қазақ журналистикасының қара шаңырағында білім алып жүріп, спортпен де айналысады. Былғары қолғап шеберлерінің біразын шыңдап шығарған Г.Рожковтың қол астында марқұм Әбдісалан Нұрмахановпен бірге жаттыққан. Бокстан ІІ-разряды болған. «Жаттығу кезінде Әбдісаланмен талай рет жұдырықтасқанмын, қарулы жігіт еді» деп айтып отыратын, Сайын аға.

Содан соң альпинизм спортымен де шұғылданған. Сол жылдары Еуропадағы Монблан тауына да шыққан (биіктігі 4 810 метр). ҚазМУ-дың төртінші курсында оқып жүрген кезінде, журналистика факультетіне жаңадан ашылғалы жатқан «Спорт» газетінің жауапты хатшысы Жанәбіл Оспанов келеді. Деканатқа кіріп, «спортпен айналысатын, спорт тақырыбына қалам тарта алатын, 4-5 курстың жігіттері бар ма» деп сұрайды. Олар бір ауыздан Сайын ағаның есімін атайды.

Осылайша, Сайын Сүлейменұлы өз өмірін «Спорт» газетімен ұштастырады. Содан зейнетке шыққанынша осы шаңырақтың түтінін түтетеді. Ыстығына күйіп, суығына тоңады. Талай жыл тар жол тайғақ кешуді де басынан өткереді. Сонда да ешқайда кетпейді. Тіпті дүрілдеп тұрған «Социалистік Қазақстан» газеті шақырса да, бармайды.

«Бір кездері газетіміздің қазақ тіліндегі тиражы 143 мыңға дейін жеткен-ді, сол кезде орыс тіліндегі нұсқасының тиражы 85 мың болатын, сонда жалпы тиражымыз 200 мыңнан асып түсетін» деп, сүйсіне еске алатын газеттің дәуірлеген кездерін. Республикалық «Спорт» газеті ашылған күнен бастап істеп, осы басылымның түпнұсқасын «құйып», қабырғасын қалаған қайраткерлердің бірі.

1959 жылдың 1 қаңтарынан бастап шыға бастаған газеттің жобасын жүзеге асырудан бастап, зейнетке шыққанша бар тауқыметін тартып, жемісін көрген. Табаны күректей 49 жыл бір басылымда, бір шаңырақта еңбек еткен. Жас кезінде нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өзі болған. Журналист, спортшы. Құрылысшы болып жұмыс істеген, оның да қыр-сырын өте жақсы білетін. Жас кезінде өлең шығарған. Домбыра шертетіні де бар. Мектеп қабырғасында есепке де жүйрік болыпты. Техника жағына да жетік. Ең бастысы, адамгершілігі жоғары, жүрегі жомарт, жүзі жарқын, үлкенге де, кішіге де ізетті жан еді…

Спорт журналистикасы майданына көп үлес қосқан ұлағатты ұстаз. «Спортта» бөлім бастығы да, жауапты хатшы да, редактордың бірінші орынбасары да болған. Редакцияға имене басып кірген студенттер мен жас журналистердің маңдайынан сипап, бәріне көмектескен. Сақа журналистердің текпісіне ұшыратпай, қызғыштай қорыған.

Сайын Тұрсынов

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз