Шымкентте Сеченов пен Тургенев көшелері қилысқан аумақта алапат өрт болды. Өртенген – теміржол бойындағы цистерна-вагондар.
Цистернада сұйытылған газ бар деп хабарлады Оtyrar.kz .
„Өртті сөндіруге ОҚО төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің күші жұмылдырылған. Бірақ өрт шыққан жер – вагонның өзіне жақындау мүмкін болмай тұр. Дәл қазіргі уақытта теміржолға жақын орналасқан жер үйлер арқылы арнайы құрал-жабдықтар құрып жатыр. Көшелер тым тар, жекеменшік сектордағы құрылыс қалай болса, солай салынған. Бір-біріне іркес-тіркес үйлердің арасынан көлік өте алмайды.
Өртеніп жатқан цистерналарға 50 метрден ары жақындай алмайсыз. Тек арнайы киімде ғана болмаса…„ деп алдында оқиға орнынан жергілікті арнаның „Шұғыл шақырту„ бағдарламасының тілшісі Ернар Балабеков хабарлады.
Өрт сағат 13:30 минутта тұншықтырылып, 13:58 минутта толықтай сөндірілді. Бір теміржол қызметкері зардап шекті. Жедел жәрдем көлігі оны ауруханаға алып кетті.
Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 50 адам, 13 техника, 6 су тасығыш көлік жұмылдырылды. Алайда қазір басқа цистерналарды суыту жұмыстары әлі де жалғастырылып жатыр.
Сондай-ақ өрт кезінде төтенше оқиға орнынан 125 адам эвакуацияланды.
Еске сала кетелік, жақында Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылыны маңындағы ірі мұнай базасында да өрт болған. Төтенше оқиға „Батыс Еуропа-Батыс Қытай„ халықаралық жолы бойында орын алған. Өрттің шығуына жүк тиеген вагонның цистерналарға барып соғылуынан орын алған.
Бүгінгі таңда мұнай базасындағы өртке байланысты екі қылмыстық іс қозғалған.