Оңтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам қайтыс болды.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Биыл 24 шілде күні Ордабасы аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Шымкент-Самара тас жолында жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Шұғыл түрде оқиға орнына жеткен полицейлердің анықтағаны, кешкі 22 сағат 35 минут шамасында Шымкент – Самара тас жолында Ордабасы ауданы бағытында келе жатқан «Опель-Вектра» автокөлігі бір жолдағы «Газ-53» жүк көлігімен соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алған.
Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы, яғни «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.